БІРЛЕСКЕН СЕМИНАР ШЕБЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙДЫ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы «Merke Radon» шипажайының базасында «Кәсіподақтың Жамбыл және Қызылорда облыстық ұйымдарының жарғылық мақсат-міндеттерді тиімді жүзеге асыруға бағытталған жұмыс тәжірибесі туралы» күн тәртібімен семинар өткізді. Семинарға қос облыстық ұйымның аппарат қызметкерлері, аудандық ұйым төрағалары мен заңгерлері, есепші-мамандары қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты - кәсіподақ ұйымының жарғылық құзыреті мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, аймақтық проблемаларды бірлесіп және келісе отырып шешу, жергілікті атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті жолға қою, кәсіподақ қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қорғау мен өзара қолдау мақсатында күш-жігерді біріктіру.
Іс-шараны Жамбыл және Қызылорда облыстық ұйымының жетекшілері – Ерұлан Мағзымбеков пен Гүлнар Есқалиева құттықтау сөз сөйлеп ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң қос тарап кәсіподақ мүшелерінің мүдделері мен әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестермен ұжымшарттық жұмыс жүргізу, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу мен кәсіподақ мүшелері және олардың отбасы мүшелерін сауықтыру бойынша ақпарат алмасты.
Жамбыл облыстық ұйымының әлеуметтік әріптестік және құқықтық қорғау бағытындағы жұмыс тәжірибесі туралы Ерұлан Мағзымбековтың баяндамасынан соң Қызылорда облыстық ұйымының төраға орынбасары Нұргүл Утегенова мен Сырдария аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназардың Қызылорда облыстық ұйымының мәдени-көпшілік жұмыстары мен сауықтыру шараларын ұйымдастыру тәжірибесі туралы мазмұнды ақпараттары берілді. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық ұйымының Біріккен комитетінің төрағасы Жанболат Орынбековтың филиал мәртебесіндегі ұйымның негізгі жұмыс бағыттарын жүзеге асыру тәжірибесі туралы ақпараты үлкен қызығушылық туғызды.
Семинар соңы жоғарыда мазмұндалған мәселелер және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтары бойынша пікір алмасуға, сұрақ-жауап сағатына ұласты.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы