КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ПЛЕНУМЫНДА КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ
Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподақ ұйымының ІІІ Пленумы өтті. Санитарлық талаптарды ұстана отырып Пленум мүшелері жоғары тұрған органдар - ҚР кәсіподақтар Федерациясының ХХVІ съезі, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ХІV съезі мен Жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымының ХІІІ Конференциясының шешімдері мен бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыру қызметін талқылады.
Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков есепті баяндама жасап, ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында атқарылған іс-шараларға тоқталды.
Былтыр білім және ғылым саласында 1 аймақтық Келісім, 779 білім мекемесін қамтыған 12 бірыңғай ұжымдық шарт, 17 еңбек ұжымында дербес ұжымдық шарт түріндегі әлеуметтік әріптестік актілері қолданыста болған. Пандемия жағдайында осы құжаттарды негізге ала отырып әлеуметтік әріптестік аясында мәжбүрлеп әрі жаппай ақысыз демалысқа жіберудің алдын-алуға қол жеткізілген. Ал мамыр айында Келісімге енгізілген қосымшалар мен өзгертулердің нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлеріне - 35%, медицина қызметкерлеріне - 15-50%, қаржы-экономикалық қызмет мамандарына - 50% еңбек ақыларын арттыру құқығына қол жеткізілген.
Бұл игілікті аймақ бойынша 1000-ға жуық кітапханашы мен медицина қызметкері сезінуде. Келісімдер мен ұжымдық шарттарда көзделген өзге де міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы Әлеуметтік әріптестік жөніндегі екі жақты комиссияның 9 отырысы, жеке еңбек дауларын шешу бойынша Келісу комиссиясының 2 отырысы өтіп, барлығы 22 сұрақ талқыланған.
- Өткен жылы кәсіподақтың еңбек инспекциясына сала қызметкерлерінен еңбек қатынастарына байланысты 964 жазбаша, 8920 ауызша өтініш түсіп, барлығы 9884 құқықтық қызмет көрсетілді. Сотқа 10 материал әзірленіп, кәсіподақ мүшесінің құқығына байланысты 3 талап арыз, әртүрлі деңгейдегі соттарда 7 сала қызметкеріне өкілеттік жасалды. Нәтижесінде 16 кәсіподақ мүшесінің жұмыстан заңсыз босап қалуына жол берілмеді. Құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде құқықтық қызметтің экономикалық тиімділік көрсеткіші 528,8 млн. теңгені құрады, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Күн тәртібіндегі негізгі баяндаманы талқылаған жарыссөзде Кәсіподақтың Тараз қалалық ұйымының заңгер-маманы Арман Стыбаев, Шу ауданы М.Мақатаев атындағы тірек мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Марал Жаппасова, Т.Рысқұлов аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айнұр Баймұратова мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті кәсіподақ комитетінің төрағасы Берік Хусаинов 2018-2020 жылды қамтыған Келісім мен ұжымдық шарттар әлеуметтік әріптестікті жаңа әрі сапалы деңгейге көтерген құжат болғандығын айта келе, 2021 жылғы аудандық мәслихаттардың сессияларында ауылдық жерде жұмыс істегені үшін есепші мамандарға 25% қосымша ақы төлеу, білім беру ұйымдарында әлжуаз топқа жататын қызметкерлердің (кіші қызметкерлер, зертханашылар, медбикелер) айлық жалақысын көтеру бойынша нақты бастамалар көтеру, ҚР кәсіподақтар Федерациясының 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы» деп қабылдауына орай бастауыш ұйым төрағаларын қаржылай ынталандыру сынды мәселелерді алға тартты.
Жоғарыда мазмұндалғандарды негізге ала отырып, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Комитеті тиісті Қаулы қабылдап, бірқатар міндеттер жүктеді. Алқалы жиын соңы марапаттауларға ұласты.
Б.Бекназаров,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-