ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы арасында 2021-2023 жылдарға жасалған Әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге қол қойылды.
Барлық білім беру ұйымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық актіге жұмыс беруші-жергілікті мемлекеттік орган ретінде бір тараптан білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, екінші тараптан жергілікті салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қол қойды.
Тараптар осыған дейін қолданыста болған Келісімнің өз міндетін толық орындап шыққанын, яғни, ұжымдық дау-дамайлардың алдын алу, білім беру ұйымдарын қайта құру, оңтайландыру барысында қысқартуға ұшыраған қызметкерлерге өтемақы төлеу, өзге жұмысқа ауыстыру, еңбек қатынастары барысында туындаған түйіткілдерді шешуге септік болғанын ерекше атап өтті. Әсіресе, биылғы пандемия кезінде еңбек қатынастарында туындаған мәселелерді құқықтық реттеуде Келісім арқылы көп мәселелер шешімін тапқанына ерекше екпін берілді.
Мерзімі өткен облыстық Келісім мен ұжымдық шарттарда қол жеткен кепілдіктер мен жеңілдіктерді мыңдаған білім саласы қызметкерлері сезінген болса, жаңа қабылданған Келісім мазмұнында бұдан да жоғары артықшылықтар, кепілдіктер мен қосымша мүмкіндіктер бар екендігін атап өту ләзім.
Тараптар 13 тарау, 14 қосымшадан тұратын Келісім жобасын қабылдамас бұрын комиссияның 7 отырысын өткізіп, құжат мазмұнын егжей-тегжейлі қарап, талқы таразысынан өткізген.
Құжаттың негізгі мазмұны Еңбек кодексінен бастап барлық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға, оларға қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейді.
Барша білім саласы қызметкерлері үшін құтты құжат саналатын Келісім ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігiнде тіркеуден өткен соң, 2021 жылдың алғашқы тоқсанында облыс аумағында орналасқан барлық білім мекемелері мен ұйымдарында Келісімнің мазмұнымен, артықшылықтарымен таныстыру, түсіндіру мақсатындағы кездесулер, оқу семинарлары өтетін болады.
Б.Бекназаров,Жамбыл облысы
-
Фотографии
-