АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
Ағымдағы жылдың 25 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы білім саласында жұмыс істейтін Ауғанстан соғысының ардагерлерін құрметтеп, арнайы кездесу шарасын өткізді.
Шараға бірқатар аудандық және қалалық білім беру мекемелерінде қызмет жасайтын ауған соғысының ардагерлері мен «Батыс Қазақстан облысы Ауғанстан ардагерлерінің одағы» ҚБ-нің төрағасы Олег Пимонов қатысты.
Батыс Қазақстан білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев, Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова ауған соғысынан аман – есен елге оралып, еліміздің өркендеуіне және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосып жүрген батыр ағаларымызға ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін білдірді.
1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталған Ауған соғысы 9 жыл 10 айға созылып, мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы-қасірет әкелгені сөзсіз.
Кездесу барысында ауған ардагерлері өз естеліктерімен бөлісіп, соғыстан оралмаған жолдастарын еске алып, үнсіздік жариялады. Ал, қалалық білім бөлімінің оқу – өндірістік комбинатының директоры, Ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» ордені иегері, бөлімше командирі, аға сержант Мухтар Есбулатов: «Сонау Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бірін - бірі бауыр дескен азаматтар білім саласында әртүрлі қызметте. Олар кейінгі жас өскелең ұрпақтарымыздың бойына Отансүйгіштік пен жолдасқа деген адалдықты үлгі етіп келеді. Бүгінгі кәсіподақ тарапынан бізді ескеріп, көрсетіліп отырған құрметтеріңізге зор алғыс білдіреміз!» деді.
Бүгінгі күні ерліктің даңқын асқақтатып, өздерінің азаматтық түр тұлғасын танытып жүрген ардагер ағаларымыз қашанда, қай кезде де мадақ пен марапатқа лайық жандар. Атақты жауынгер жазушы Б.Момышұлы: «Айбындылық аспаннан түспейді» деп қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Сондықтан Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу біздің азаматтық парызымыз деп түсінеміз.
Ауған ардагерлеріне білім саласының облыстық кәсіподағы тарапынан сыйақы мен мерекелік сыйлықтар табысталды.
Батыс Қазақстан облыстық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіподағы