«ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Тәуелсіздік мерекесіне орай Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық кәсіподақ ұйымы қайырымдылық, ізгілік қасиеттерін дәріптеу мақсатында «Жүрек жылуы» акциясын ұйымдастырды. Акция аясында білім беру саласындағы әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын көпбалалы, мүгедек, ерекше назарды қажет ететін қызметкерлерге, мүгедек баласы бар қызметкерлерге көмек көрсетілді.
«Жүрек жылуына» ие болғандардың бірі, «Ақбота» бөбекжай-бақшасының қызметкері П.Сатыбалдиева. Оған көмек ретінде күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік себеті табыс етілді. «Қиналғанда қол ұшын созып, жаны жүдеу жандарға жәрдемдесу – адами қасиет. Осы адами қасиеттен айнымаған, айналасына жәрдем беріп жүрген жандарға алғысым шексіз» дейді әріптесіміз.
«Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, қиналғанға қамқоршы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынған аудандық кәсіподақ комитетіне барлық ұстаздар мен қызметкерлердің алғысы шексіз. Кәсіподақ мүшелеріне қамқорлық жасап, оларды дәстүрлі тамыз мәслихатында, кәсіби мерекелерде марапаттап, ынталандырып, беделі мен мәртебесін көтеріп жүрген, еліміздегі төтенше жағдай кезінде ұжымымызға топтардың ашылуына демеуші болып кварц шамын, дезинфекциялық кілемшелер сыйлаған аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнур Баймұратова мен заңгер Тимур Оразбаевқа бөбекжай ұжымы атынан алғысымызды білдіріп, еңбектеріне табыс тілейміз.
Өскелең ұрпаққа тәлім болатын осындай игі іс-шаралар болашақта да жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Р. Ізбасарова,«Ақбота» бөбекжай-бақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы,
Т.Рысқұлов ауданы,Жамбыл облысы