АУДАННЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН ҰСТАЗДАР
Әлемді жаулаған індетке байланысты білім саласында бірқатар өзгерістер енгізілгені баршамызға белгілі. Осындай қиын кезеңде ұстаздар жұмысын тиімді ұйымдастырып, белсенділіктерін көрсетіп келеді.
Аудандық деңгейде ғана емес облыстық, республикалық байқауларда педагогтар бақтарын сынап, жүлделі орындарды еншілеуде.
Жүйелі жұмыс үлгісін көрсетіп жүрген білікті ұстаздардың бірі – Алматы облысы, Сарқан қаласы, №1 орта мектеп-гимназиясының ұстазы Станкевич Татьяна. Ол 34 жылдық тәжірбиесіне сүйеніп, «Қазақстан мұғалімі - 2020» республикалық байқауына қатысты. Онда биология пәнінің маңыздылығын, оқушыларға сабақ өту барысында қажетті технологияларды жан-жақты таныстырып, шалғайдағы мектептердегі әріптестеріне қолжетімді құралдарды пайдалану үлгісін көрсетті. Онлайн өткен байқаудың қорытындысында үздік деп танылған елу мұғалімнің құрамына енді.
Бұдан өзге, Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастырған «Педагогикалық дебют-2020» байқауының бас жүлдесін иеленген Абай атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Диляра Төремұратова да ауданның абыройын асқақтатты.
Осындай білімді де, білікті ұстаздарды «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы» ҚБ Сарқан аудандық филиалының төрағасы Ермек Алинов құттықтап, жылы лебізін білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, қоғамдық жұмысты жандандыруға атсалысқаны үшін кәсіподақ тарапынан бағалы сыйлығын табыс етті.
Ермек Алинов,Сарқан аудандық филиалының төрағасы,
Алматы облысы