АКИМ ЖАМБЫЛСКОЙ ОБЛАСТИ ВСТРЕТИЛСЯ С ПРОФСОЮЗНЫМИ ЛИДЕРАМИ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының мәжіліс залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Жиынға облыстық Салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен көшбасшылары, жергілікті мемлекеттік билік органдарының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өңірдегі ең басты әлеуметтік әріптес ретінде кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында кездесетін кедергілер мен оларды шешу жолын бірігіп қарастыруға дайын екендігін айта келе, еңбек дауларының алдын алу, жұмыскерлердің уақытылы жалақы алуын қадағалау және еңбекті қорғауға баса назар қажеттігіне тоқталды.
- Кәсіподақ ұйымдары мен биліктің арасында тұрақты байланыс бар, облыстық келісім-шарт аясында тараптар өз міндеттерін жүзеге асыруда. Біздің негізгі мақсатымыз – еңбекшілер мен жалдамалы қызметкерлердің еңбек ақыларының дұрыс төленуін қадағалау, еңбек дауларының алдын алу, ұжымдық шарттардың толық орындалуын қамтамасыз ету және жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу, – деді облыс әкімі.
Кездесуде сөз сөйлеген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген облыстың кәсіподақ ұйымдарының қазіргі жай-күйі мен атқарып отырған жұмыстарына тоқталды. Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының есепті баяндамасын тарқата түскен Салалық кәсіподақ ұйымдары да өз салаларының өзекті мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салып, пікірлерін жеткізді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков облыстағы 800 мекеме мен ұйымда 796 ұжымдық шарт жасалып, әлеуметтік әріптестік аясында өзекті саналатын: жалақыны есептеу, заңнамамен көзделген кепілдіктер мен жеңілдіктерді төлеу, жұмыс уақыты мен демалыс уақытын ұйымдастыру, жас мамандар мен зейнет жасына жеткен қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер беру, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік шараларын нығайту сұрақтары шешімін тауып отырғандығын айтты. Еңбек заңдылығының орындалуына облыста 14 заңгер қоғамдық бақылау жасайтынын, ол мамандар жылына орта есеппен 8 мыңға жуық ауызша-жазбаша арыз-өтініштерге заң аясында жауап беретінін жеткізді.
Білім қызметкерлері кәсіподағы төрағасының облыста соңғы 5 жылда кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекторларының араласуымен сала қызметкерлеріне 1 млрд. 271 млн. теңгенің қайтарылып берілгені туралы ақпараты облыс әкімі тарапынан құптарлық жайт ретінде қабылданып, барлық салалық ұйымдарға үлгі ретінде ұсынылды.
Сонымен бірге Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Төребекова, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Ерлан Сатыбалдиев, «Merke-Radon» шипайжайының бас директоры Серік Мақажанов пен «Казфосфат» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауыты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов сөз алып, өз салаларында жеткен жетістіктер, орын алған олқылықтар мен олардың орнын толтырудағы пәрменді әрекеттері туралы баяндады.
Кәсіподақ көшбасшыларының күнделікті қызметімен толық танысып шыққан аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Билік пен қоғамдық ұйымдар бірлесіп әрекет етпесе жұмыстың нәтижесі болмайды. Бүгінде халықтың көзі ашық, кім жұмыс істейді соны әр уақытта қолдайды. Бірігіп жұмыс істейтін болсақ, біз алмайтын қамал жоқ» деген сөзімен жиынды аяқтады.
Б. Бекназаров,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-