МҮШӘЙРА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы және Жастар кеңесі бірлесіп, «Тәуелсіздік-мәңгілік елдің тұрағы» атты жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды.
Мүшәйра ережесіне сәйкес 18-29 жас аралығындағы сала қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 29 жыл толуына орай өлең шығарып, бейнеролик арқылы нақышына келтіре оқып, өзара бақ сынасты. Екі айға жуық уақытты қамтыған байқаудың іріктеу кезеңіне 53 кәсіподақ мүшесі қатысып, 14-і облыстық кезеңге жолдама алды.
Қорытынды шарада облыстық ұйымның төрағасы М.Төлепбергенов, «Жетісу» газетінің бас редакторы Ә.Әрінұлы, педегогикалық еңбек ардагерлері Кеңесі төрағасының орынбасары М.Рақымбекұлы, Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры А.Қабдұлова, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Б.Тұрысбеков сынды әділқазы алқалары қатысушылардың өнерін бағалады.
Алғаш рет ұйымдастырылған мүшәйраның ақтық мәресі бейнебайланыс арқылы өтіп, жеңімпаздар шақырылды. Облыс орталығында өткен жиынды Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Төлепбергенов жүргізіп, ұстаздарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Әділқазы алқасының атынан Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры А.Қабдұлова сөз сөйлеп, шара туралы баяндады. Ұстаздық мамандықты игерген жастардың шығармашылығын жоғары бағалады. Сөз құдіретін көрсетіп, өлең арқылы тарихымызда ерлігімен есте қалған азаматтар жайында көркем жеткізе білгенін, Тәуелсіздіктің мәні мен мағынасын ашып, әдемі жыр шумақтарын жазғандарын айтты.
Қорытынды кеште І орынды Панфилов ауданы, Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Ұ. Бегімбекова иеленді. Ал, ІІ және ІІІ орынды Көксу ауданы, Еңбекшіқазақ орта мектебінің мұғалімі Р.Мырзахмет, Сарқан ауданы, Н. Островский атындағы орта мектеп-лицейінің мұғалімі И.Дүйсенхан еншіледі. Жеңімпаздарға кәсіподақ ұйымының дипломы мен сертификаттары табыс етілді. Жарысқа қатысқан жас ақындардың барлығына алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтарын үлестірілді.
Шара соңында Қаратал ауданы, Б. Римова атындағы орта мектебі директорының міндетін атқарушы А.Исабаев пен Талдықорған жоғарғы политехникалық колледжінің оқытушысы К.Ақашева Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-