ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК - ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ НЕГІЗІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Талас аудандық комитетінің ұйымдастыруымен 2020 жылдың 25 қарашасынан бастау алған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күндігі» акциясы аясында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Іс-шараға Талас АІІБ-нің әйелдердің құқығын қорғау істері жөніндегі инспектор, полиция аға лейтенанты Дана Қуантаева, аудандық білім бөлімінің заңгері Л.Узақова және қаладағы білім беру мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
Дөңгелек үстел басындағы жиынды «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күндігі» акциясының мақсаты мен міндеттері жөнінде айта отырып Кәсіподақ төрағасы Мадиярбек Миралиев ашты. Ал әйелдердің құқығын қорғау істері жөніндегі инспектор, полиция аға лейтенанты Дана Қуантаева Талас ауданыңда орын алып жатқан әйелдерге қарсы заң бұзушылықтардың статистикасымен және оның алдын алу мәселелері жөнінде баяндама жасап, айтылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекторы Әділ Смағұлов та өзекті мәселе төңірегінде баяндама жасап, мағлұмат берді.
Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласып, қатысушылар күн тәртібіндегі тақырып бойынша өз ойларын ортаға салды. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Сералиев өз сөзінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа шариғатта да тыйым салынғанын айтып, алдағы басқосуларға имамдарды да шақыру туралы ұсынысын жеткізді. Мазмұнды өткен іс-шараны қорытындылай келе аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мадиярбек Дүйсеналыұлы барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында осындай күн тәртібімен профилактикалық іс-шаралар өткізуді ұсынды.
Ә.Сұмағұлов,Кәсіподақтың Талас ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-