ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ БОЛАШАҚ
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 4 желтоқсан күні «Зорлық-зомбылықсыз болашақ» атты семинар-кеңес өтті. Іс-шараның басты мақсаты - әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық, кемсітушілік және гендерлік ескі нанымдарға қарсылық білдіру болды.
Онлайн форматта өткен семинар-кеңесті ашқан аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айнұр Баймұратова іс-шараның маңыздылығына тоқталып, отбасылық-тұрмыстық қатынастар барысында жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және отбасының қоғамдағы рөлін күшейту туралы айтты. Ал аудан әкімдігінің білім бөлімінің тәрбие инспекторы Г.Ноғайбаева білім беру мекемелерінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылған іс-шараларға тоқталса, Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің педагог-психологы А.Малибаева «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеудің жолдары» тақырыбында психологиялық кеңес берді.
Жиынға арнайы шақырылған АПб-нің ЖПҚб-нің ӘЗЗҚт-ның аға инспекторы, полиция капитаны Айнұр Асылбаева отбасындағы зорлық-зомбылық барлық әлеуметтік топтар мен ұлысқа, түрлі жас деңгейіне, қала мен ауылға бірдей дәрежеде қатысты екендігін, тұрмыстық қарым-қатынас аясындағы қылмыстардың отбасындағы ұрыс-керіс, қызғаныштан туған жанжал мен бір-бірін түсінбеушілік, шиеленіскен қарым-қатынас, психикалық аурудың асқынуы, сонымен қатар, ішімдік пайдаланған жерде бой көтеретінін атап өтті. Келіп түскен өтініштердің 90 пайызында зардап шегуші – әйел адамдар екені, бірігіп жұмыс атқарғанда ғана қоғамдағы түйткілді мәселенің алдын алуға болатыны туралы айтылды.
Семинар-кеңеске қатысқан білім бөліміне қарасты білім мекемелері мен ұйымдарындағы директордың тәрбие, құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар мен педагог-психологтар, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері мамандарға сауалдарын қойып, жауабын алды. Іс-шараға барлығы 87 педагог қатысты.
П. Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-