ПОДВЕДЕНЫ ИТОГИ РАБОТЫ АКТЮБИНСКОЙ ОБЛАСТНОЙ ОРГАНИЗАЦИИ ОТРАСЛЕВОГО ПРОФСОЮЗА
Бүгін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымы жанындағы Атқару комитетінің кеңейтілген кеңесі өтті. Жиында облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Раушан Серікқызының мәліметінше, бүгінде облыстық кәсіподақтың мүшелігінде 12 аудандық, 1 қалалық және 573 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Облыстағы білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғайтын ұйымға 31 мыңға жуық педагог мүше. Кәсіподақ қызметінің басты бағыты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбектік құқықтарын қорғау. Бұл жұмыстар облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, оқу орындарының басшылары сынды әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда.
Осы жылы Ақтөбе облыстық білім саласының 800 қызметкерінен кәсіподаққа түрлі өтініш түскен. Оның ішінде 30 мұғалімге заңгерлер ьиісті құқықтық кеңес берді. Төтенше жағдай жарияланып, білім саласы жаңаша форматқа көшкен тұста мамандар тәулік бойы мұғалімдер тарапынан түскен сауалдарға жауап берді.
Пандемия кезеңінде үздік ұстаздарды ынталандыру мақсатында «Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау» айдарымен бірнеше мәрте шара ұйымдастырылды. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетілді. Мемлекеттік және кәсіби мерекелер, білім беру ұйымдарының мерейтойлары қарсаңында сала майталмандары ескерусіз қалған жоқ.
Коронавирус және пневмония дертінен қайтыс болған кәсіподақ мүшелерінің жақындарына материалдық көмек көрсетілді, Сондай-ақ кәсіподақ пәтерлері өртенген ұстаздарға да көмек қолын созды.
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен сала қызметкерлеріне қайырымдылық көмек көрсетілді.
Биыл 500-ге жуық педагог облыстық кәсіподақ есебінен шипажайларда демалды. Ал, 12 ауданда еңбек етіп жатқан 600-ден астам мұғалімге онлайн сабаққа қажетті компьютердің бастапқы жарнасын төлеуге қаражат бөлінді.
16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай тағы 100 ұстазды сыйақымен марапаттау жоспарланып отыр.
Кәсіподақ төрайымының баяндамасынан соң кәсіподақ қозғалысын дамытуға үлес қосқан Қарғалы, Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандары және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының көшбасшыларына төсбелгілер табысталды. Сондай-ақ, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының кәсіподақ төрағалары Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен Салалық кәсіподақтың Алғыс хатымен және қаржылай сыйақысымен марапатталды.
Шараға облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Венера Шавкилова қатысты. Олар әріптестік аясында аумақтық кәсіподақтың Салалық кәсіподақпен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, Кәсіподақтар федерациясының жоспарларымен бөлісіп, жаңа бағыттары туралы ақпарат берді.
-
Фотографии
-