ЛЮБОЗНАТЕЛЬНЫЙ ПЕДАГОГ - НОВАТОРСКИЙ ЛИДЕР
Алғаш қазақ мектебін ашқан шоқтығы биік дара тұлғалардың бірі Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген ұлағатты сөзі бар. Ұлт зиялысының осынау өнегелі сөзі мұғалім мәртебесінің қаншалықты маңызға ие екенін ұқтырып тұрғандай. Расымен де, сауатты әрі саналы ұрпақ қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың бірегейі ұстаздар қауымы десек, бұған ешкім талас тудырмайды деген ойдамын.
Өз өмірінен ұлтының болашағын биік қойған, пайым-парасаты биік педагогтардың қатарынан Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратованың есімін бөлек айтуға болады. Айнұр Манатбекқызы өте білімді, сөзі уытты, кешегі Ақтамберді мен Доспамбеттей қиып түсер тілі бар нағыз ұлтжанды азамат. Абай атамыздың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген сөзін өмірлік ұстанымы еткен Айнұр Манатбекқызының еңбекқор жан екенін мектеп ұжымдары мен бөбекжай бақша қызметкерлері де жақсы біледі. Ол орыс әдебиетін де, қазақ әдебиетін де түгесіп оқығандықтан екі тілде еркін сөйлейді. Негізінен мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Айнұр Баймұратова алғашқы қызмет жолын Құлан негізгі мектебінде оқыған мамандығы бойынша мұғалім болып бастаған. Білімді, еңбекқор, парасаттылығының арқасында аудандық білім беру бөлімінде әдістемелік кабинеттің меңгерушісі болып 9 жыл қызмет атқарды. Аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметіне келгенде де Айнұр Манатбекқызы өзінің жан-жақтылығын көрсетіп, ұйымдастырушылық қабілетінің мол екенін ұқтырды. «Ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес. Орын оны көркейтпейтін, керісінше, орынды ол көркейтетін» деген Ілияс Омаровтың пікірін Айнұр Манатбекқызына қарата айтсақ та болады деп ойлаймын.
Білім саласында қажырлы еңбек етіп, ұлт келешегіне қомақты үлес қосқаны үшін Айнұр Манатбекқызы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Педагогикалық құндылықтардың артуына зор үлес қосып келе жатқан Айнұр Баймұратованың бұл марапаты шынайы еңбектің лайықты бағаланғандығының көрінісі болса керек. Қомағай қоғамда табиғи дарындылықты ерең еңбекке ұштастыра білген осындай білікті педагогтардың, кәсіподақ көшбасшыларының қатары көп болса деймін.
Ақбота БАЙБОЛАТОВА,«М.Мирас» бөбекжай бақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы,
Т.РЫСҚҰЛОВ ауданы,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-