АҚТӨБЕЛІК 50 ҰСТАЗ "ДЕНСАУЛЫҚ" ШИПАЖАЙЫНДА ТЕГІН ДЕМАЛДЫ
Білім кәсіподағы педагогтардың мүддесі мен құқығын қорғап қана қоймай, мұғалімдердің демалып, денсаулықтарын нығайтуына да жіті көңіл бөледі.
Әсіресе, биылғы пандемия кезінде иммунитетті көтеріп, санаторийлік ем қабылдау аса маңызды. Шектеу шараларына қарамастан, қазіргі таңда облыстарда ұстаздардың басым бөлігі мектепте кезекші топтарға сапалы білім беруде.
Осы бағытта Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы күзгі демалыс кезінде білім саласына сіңірген еңбегі мен жетістіктерін ескере отырып, 50 ұстазға Алматы қаласындағы "Денсаулық" шипажайына тегін жолдама сыйлады.
Сауықтыру орталығында педагогтар уақытылы емдік шараларды қабылдап, жаттығу залында шынықты. Бассейнге шомылып, таулы аймақтың саф ауасымен тыныстап қайтты. Сондай-ақ "Есік көлі", "Шарын шатқалы", "Аюлы сарқырама", "Киелі бұлақ", "Алтын адам ескерткіші" сияқты туристік орындарға саяхаттап, ерекше әсер алды.
Мұндай демалыс мұғалім бойына тың күш пен әсем көңіл-күй беріп, жұмысқа деген ынта-жігерін арттырады деген сенімдеміз.
-
Фотографии
-