АЛҚАЛЫ ЖИЫННЫҢ ӨЗЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІККЕ АРНАЛДЫ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті. Санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен өткен алқалы жиынға аудандық филиал төрағалары мен құқықтық еңбек инспекторлары, құрылымдық бөлім жетекшілері қатысып, күн тәртібіндегі бірнеше мәселелерді талқылады.
Атқару комитетінің қараған ең маңызды мәселелерінің бірі - облыстық білім басқармасы мен жергілікті кәсіподақ ұйымы арасында 2021-2023 жылдарға жасалатын әлеуметтік әріптестік туралы Келісім мазмұны болды. Аталған келісім қызметкерлері кәсіподақ мүшелігімен қамтылған барлық білім беру ұйымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық акт болып табылатындықтан кәсіподақ заңгерлері құжаттың еңбеккерлер үшін оңтайлы әрі мүмкіндігінше сапалы болуына бар күшін салуда.
- Келісім Еңбек кодексіне, өзге де заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, сондай-ақ заңдармен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен, әлеуметтік әріптестік туралы Бас келісіммен, салалық тарифтік, аймақтық келісімдермен белгіленген оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейді. Біз әлеуметтік әріптестермен келіссөздер жүргізу арқылы бұл құжаттың кәсіподақ мүшелері-сала қызметкерлерінің көңілінен шығатындай, әрі ешкімнің құқықтарын шектемейтіндей етіп қабылдауымыз қажет, - деді өз сөзінде кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Мұнан соң Кәсіподақтың Сарысу және Меркі аудандық комитеттерінің әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру және ұжымшарттық қатынастарды жетілдіру жұмысы мен алқалы басқару органдарының, жоғары тұрған кәсіподақ органдарының шешімдерін орындау барысы туралы есептері тыңдалды. Аталған ұйымдардың кәсіподақ мүшелерін құқықтық және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бойынша жұмыстары қанағаттанарлық деп танылып, жұмысты жүйелендіру, сапалы ете түсу мақсатында бірқатар ұсыныстар берілді.
Кейінгі кезде дәстүрлі жиындардың офлайн форматқа ауысуы себепті бірнеше рет кейінге шегерілген құқықтық инспекторлардың да есептері осы жиында тыңдалды. Берілген мәліметтерге сай құқықтық инспекторлардың нәтижелі жұмыстарының негізінде Т.Рысқұлов ауданы бойынша есептік мерзімде экономикалық эффект - 117 млн., Жуалы ауданы бойынша – 1 млн. 306 мың, Байзақ ауданы бойынша - 18 млн. 450 мың, Талас ауданы бойынша – 11 млн. 585 мың, Біріккен комитетте – 4 млн. теңгені құраған. Бұл қызметкерлерге қатысты құқықбұзушылықтарды қалпына келтіру мақсатында жұмыскерлерге төленбей қалған сомалардың заң аясында қайта есептеу жүргізу нәтижесінде төленіп, кәсіподақ мүшелерінің пайдасына келтірілген қаражат.
Алқалы жиын барысында күн тәртібіндегі өзге де мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.
Перизат БАҚЫТ,
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-