ҮЗДІК ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ - 2020
Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинеті) және облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен қосымша білім ұйымдарының мәртебесін көтеру, кәсіби шығармашылық шеберліктерін арттыру мақсатында облыстық байқауы өткізілді.
Байқауға Қызылорда облысындағы тоғыз оқушылар үйі мен бір мектеп жанындағы қосымша білім беру орталығы қатысты.
Қатысушылар «Оқушылар үйі - қасиетті орда», «Шығармашылық шыңы», «Талантты ұстазға - дарынды шәкірт», «Шеберлік қолтаңбасы», «Онлайн үйірме», «Таланттылар тақтасы» шарттары бойынша электронды жұмыстар тапсырып, оқушылар үйінің жұмыс мазмұнын ашық көрсетті.
Байқауға №10 Білім–инновация лицейі директорының орынбасары Ляззат Микеева, Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» қызметкері Сайран Ізмағамбетова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Тәрбие және мәдени көпшілік жұмыстарды үйлестіру» бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы, Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің бас маманы Жанар Сағындықова қазылық жасады.
Байқау нәтижесінде Қызылорда қалалық қосымша білім беру орталығы І-орынға лайық деп танылды. Арал аудандық оқушылар үйі мен Қазалы аудандық оқушылар үйі ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті.
№264 мектеп жанындағы қосымша білім орталығы «Шығармашыл ұйым» номинациясымен марапатталды.
Жеңімпаздарға арнайы диплом және білім кәсіподағының бағалы сыйлықтары табысталды.
Барша әріптестерімізге шығармашылық табыс тілейміз!
Жеңісті күндеріңіз көп болсын!