COVID-19: КӘСІПОДАҚТАР ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК ҮШІН
Ел Президенті Қ.Тоқаев жақында өткен Қазақстан кәсіподақтары федерациясының ХХVІ съезінің делегаттарына арнаған хатында: «Кәсіподақтар-еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи институттың бірі» деп атап көрсеткен болатын.
Әлемді жайлаған COVID-19 короновирустық инфекциясының таралуына байланысты білім саласы да білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, білім саласындағы қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қашықтан жұмыс жасауға көшкені белгілі. Осы бағытта кәсіподақ ұйымдары да өз жұмыс жоспарларына өзгерістер енгізіп, белгіленген шаралардың форматын жағдайға қарай бейімдеп, жаңалауда.
2019-2020 оқу жылының соңғы тоқсанын қашықтан оқыту форматында жүргізу-оқушылар мен ата-аналарға да, мұғалімдерге де оңайға соқпады. Әртүрлі сын-тегеуріндерге қарамастан, мектептер оқу жылын абыроймен аяқтады. Бұл ұстаздарымыздың жаһандық жаңалықтар көшінен қалмайтындықтарын көрсетті. Кәсіподақ комитеті осы тұста да мұғалімдер жанынан табылып, демеу болып, жігерлерлендіріп отырды.
Республика бойынша карантин мерзімінің жариялануы кезінде бөбекжай-бақшалар жұмысы тоқтататылып қалғаны белгілі. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 112-бабында жұмыстың бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу тәртібі айқындалған. Алайда жұмыс беруші мен жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша жұмыстың бос тұрып қалу уақытын рәсімдеу тәртібі мен бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары ұжымдық шарттарда айқындалады. Осыған сәйкес, кәсіподақ ұйымының бастамасымен жұмыс берушілер мен бөбекжай-бақша қызметкерлері арасында жасалған ұжымдық шартқа қосымша келісім жасалып, қызметкерлердің заңды құқықтары қорғалып, айлық жалақыларының сақталуына мүмкіндік жасалды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің «Қашықтықтан жұмыс істеу» деп аталатын 138-бабына сәйкес, кәсіподақ ұйымы арқылы жұмыс берушілермен жасасқан ұжымдық шарттарында меншікті коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланған жұмыскерлерге төленуі тиіс өтемақы мен өзге шығыстарын өтеу мүмкіндігі ескеріліп, қосымша келісімге қол жеткізілді.
Еліміздің ертеңі – балаларға қамқорлық көрсету, көпбалалы отбасылардың балаларының сапалы білім алуына мейілінше жағдай жасау мақсатында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Мектепке жол» акциясына алғашқылардың бірі болып аудандық кәсіподақ комитеті де белсене қатысты. Жаңа оқу жылы қарсаңында аудандағы білім ұйымдарындағы қызметкерлердің балаларына, барлығы 60 балаға 20 түрлі қажетті оқу-жабдықтары салынған сөмкелер сыйға берілді. Жыл бойы жүргізілетін қайырымдылық шарасы әлі де жалғасын табатын болады.
Оқу жылы соңында және жаңа оқу жылының алдында «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында қашықтан оқытуда белсенділік танытқан кәсіподақ мүшелері облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталып, сый-сыяпаттар табысталды. Білім беру ұйымдарында компьютері жоқ мұғалімдердің мұқтаждығы ескеріліп, Білім күні мерекесінде қашықтан оқытуды тиімді ұйымдастыруға қолдау білдіру мақсатында облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымы атынан аудандағы білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін 41 мұғалімге ноутбуктер сыйға берілді.
Жастар саясатын дамыту, жастарды қолдау- ұйымның стратегиялық басым бағыттарының бірі. Аудандық комитет жанынан құрылған «Самғау» жастар кеңесінің белсенділері кәсіподақ қозғалысының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Кеңес мүшелері облыстық білім басқармасы мен Салалық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Жас ұстаз-білімді ел тірегі» тақырыбындағы Тамыз кеңесі секциясына қатысып, «Жасампаз жас ұстаз трибунасында» өз баяндамаларын жасап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің Конституция күніне орай өткізген «Ата заңым –айбыным!» зияткерлік сайысына қатысқан жас ұстаздар командасы өз білімідері мен біліктіліктерін көрсетіп, І орынды жеңіп алды.
Бүгінгі таңда аудандық кәсіподақ комитетінің мақсатты шаралары жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта оңтайлы шешілуі тиіс бірқатар мәселелер де жоқ емес. Олардың тиімді түрде іске асуы үшін табанды жұмыс жалғасын табады.
Б.Сейілханов,Білім қызметкерлері кәсіподағы
Шиелі аудандық комитетінің төрағасы,Қызылорда облысы
-
Фотографии
-