КӘСІПОДАҚ ТІЛСІЗ ЖАУДАН ЖАПА ШЕККЕН ҰСТАЗДАРҒА КӨМЕКТЕСТІ
Шалқар аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы жыл басынан бері атқарған жұмысын қорытындылап, есеп берді. Шараға Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.Серікова, аудандық білім бөлімінің өкілдері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен мектеп директорлары қатысты.
Конференция аясында аудандық білім кәсіподағының жаңа көшбасшысы сайланды. Бұдан былай шалқарлық ұстаздардың мұң-мұқтажын, құқығы мен мүддесін Гүлсара Құлекенова қорғайтын болады. Гүлсайра Такібайқызы Шалқар қаласындағы №6 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді.
Жиыннан соң Салалық кәсіподақ төрайымы Раушан Серікқызы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Абдыков жуырда баспаналары өртке оранған ұстаздардың жағдайын білді. Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың қазан айының басында көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, екі бірдей педагогтың пәтері қызыл жалынның құрсауында қалған еді. Облыстық және аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының тарапынан оларға қомақты қаржылай көмек берілді. Бұдан бөлек, қатерлі дертке шалдыққан ұстазға да материалдық қолдау көрсетті. Қиын сәтте қол ұшын созып, жөндеу жұмыстарына атсалысып жатқан Шалқар ауданының ұстаздарына алғысымызды білдіреміз!
-
Фотографии
-