КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ
«Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» ҚБ қарасты Кербұлақ аудандық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына арналған семинар өтті.
«Кәсіподақтағы іс-қағаздардың жүргізілу тәртібі» атты тақырыпта өткен семинарды ашқан Кербұлақ аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Ж.Дуанаев кәсіподақ сала қызметкерлерінің сенімді өкілі ретінде еңбек заңдылықтарының сақталуын қадағалайтын және басқа да өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысатын ұйым екендігін баса айтып, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Елдің жағдайын ескеріп, қашықтықтан оқыту кезеңінде педагогтарға барынша қолдау таныту шараларын ұйымдастыратынын жеткізді.
Ал, аудандық филиалдың есепшісі Г.Иманбаева кәсіподақ белсенділерін оқыту барысында іс-номенклатурасына сай құжаттарды реттеу және жинақталу тәртібін айтып, кәсіподақ мүшелері туралы статистикалық есепті нақтылып, жоғарғы кәсіподақ органдарының нұсқаулық құжаттары мен қаржылық-шаруашылық жұмыстарына тоқталып, жеке-жеке түсіндіріп өтті.
Жиын барысында Қарашоқы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы К.Жантемірова семинар барысында көкейіндегі сұрақтарға толыққанды жауап алғанын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы алтын көпірге айналған кәсіподақ өкілдерінің біліктіліктерін арттыруға арналған осындай шаралар жалғасын тапса деген ұсынысында жеткізді.
Шара соңында кәсіподақ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап беріліп, бірқатар белсенділер ҚР Кәсіподақтар Федерациясы, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы, Алматы облыстық ұйымдарының Құрмет грамоталары мен аудандық филиалдың бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-