ЕҢБЕК АДАМЫНА ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ
Ең ұлы мамандық иелерінің кәсіби мерекесі – ұстаздар күнімен қатар тойланатын кәсіподақтар күні – еңбек адамына, оның ішінде мұғалімге деген шынайы құрмет пен қамқорлық, оның жанкешті еңбегіне деген лайықты баға іспетті. Осы ретте, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен қос мерекеге орайластырылған салтанатты шара өтті. Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өткен жиынға сала ардагерлері мен кәсіподақ белсенділері, үздік бастауыш ұйым жетекшілері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.
Кәсіподақ активін алғашқы болып аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Еңбек адамы қоғамға қажет екендігін кәсіподақтар арқылы сезінуі тиіс. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әрбір еңбек адамының қосар үлесін одан әрі молайту үшін бастауыш кәсіподақ ұйымдары белсенді жұмыс істеп, оларға қамқор әрі қорғаушы болуы керек. Бүгінгі кәсіби мерекемен осы үдеден шығып жүрген кәсіподақ ардагерлері мен олардың сенімді ізбасарларын шын жүректен құттықтаймын! – деген Мейрамбек Мылтықбайұлы бірқатар азаматтарды марапаттады.
Олардың қатарында кәсіподақтар жүйесіндегі ең жоғарғы марапат кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Біріккен комитеттің төрағасы Жанболат Орынбеков марапатталды. Сондай-ақ, бірнеше белсенді азаматтың көп жылғы жемісті еңбегі мен белсенділігі ескеріліп, омырауына «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі тағылды. Олардың қатарында Кәсіподақтың Жамбыл аудандық комитетінің төрағасы Ернар Тәжібаев, Шу аудандық комитетінің төрайымы Аида Бекмурзина мен облыстық әдістемелік кабинеттің әдіскері Айжамал Даулеткулова бар.
Сонымен бірге, білім беру жүйесіндегі көп жылғы адал еңбегі және салалық кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан зор үлесі мен облыстың қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін бірқатар кәсіподақ белсенділері Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясының облыстық және Тараз қалалық ұйымдарының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мерекелік шараның ең құрметті қонақтары ретінде сала ардагерлері де ерекше құрметке ие болды. Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ардагерлерді мерекемен құттықтап, еліміздің өсіп-өркендеуі мен кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлестері мен адал еңбектеріне алғыс білдіріп, сый-сияпаттар жасады. Барша ардагерлер атынан Жамбыл облысының кәсіподақтар тарихында өшпес із қалдырған Гүлсін Орынбаева құттықтау сөз айтып, мерекемен құттықтады. Жиын соңы естелік фотоға түсумен аяқталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-