ЖАМБЫЛДЫҢ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Қазан айының алғашқы күндерімен бірге келетін кәсіби мереке - Мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын Тараз қаласындағы Достық үйінде өтті. «Ұстаз – ұлы есім» тақырыбындағымерекелік шараға сала ардагерлері мен үздік ұстаздар қатысты.
Ұстаздарды кәсіби мерекесімен алғашқы болып Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, мәртебелі әрі жауапты мамандық иелеріне жылы сөздер мен ыстық лебізін білдірді.
- Мұғалімдердің төгілген маңдай тері өздері оқытқан, сол біліммен биіктерге жете білген шәкірттерінің алғысымен өтеледі. Сіздер өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесін дамытуға ерекше үлес қосып, елімізге зор пайда әкелесіздер. Сіздер тек оқытып қана қоймай, өз оқушыларыңыздың қабілеттерін ашуға, олардыжетістікке жетуге баулисыздар. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мұғалімдерге маңызды міндет қойылды, ол – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, - деді облыс әкімі.
Мұнан соң салтанатты шара өзінің кәсіби біліктілігін бірнеше рет дәлелдеген үздік мұғалімдерді марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтсақ, мектепке дейінгі, қосымша, арнайы білім беру ұйымдарының 5 педагогы 200 мың теңгенің сертификатын иеленсе, облыстық «Үздік педагог-2020» атағын беру конкурсының 7 жеңімпазына 833 мың теңге мөлшеріндегі сыйақының сертификаттары және облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, бірнеше ұстаздар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Барлық марапатталушылар үнемі жоғары нәтиже көрсетіп, оқушылары әлемдік және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанған үздік ұстаздар.
Салтанатты жиын барысында ардагер-ұстаз Айман Садыкова мен «Үздік мұғалім - 2020» республикалық байқауының жеңімпазы, дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатының мұғалімі Жанар Жанғазиева құттықтау сөз айтып, бүгінгідей қиын кезде бала оқыту сынды жауапты қызмет атқарып отырған әріптестеріне шығармашылық шабыт пен төзімділік тіледі.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-