ЕҢБЕК КҮНІНІҢ АПТАЛЫҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
БҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының жетекшілігімен «Еңбек күні» аясында білім саласының кәсіподақтар ұйымдарында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ардагерлердің қатысуымен, кәсіподақ қозғалысына белсенді үлес қосқан көшбасшылармен қазіргі кәсіподақ қозғалысының мамандары арасында тәжірибелік-диалогтық алаң жасалып, өзара еркін сұқбат айдары ұйымдастырылды. Аталмыш шараға БҚО кәсіподақтар орталығының төрайымы – Айгүл Есекенова, БҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымның төрағасы – Марат Даупаев, облыстық білім басқармасының басшысы – Айгүл Мыңбаева, «Өрлеу» білікті арттыру орталығының – директоры София Ізмұхамедова қатысып, ардагер жұмысшыларды еңбек күнімен құттықтады.
«Биыл кәсіподақ қозғалысына 115 жыл толуда, осы уақыт аралығында бұл толқында кәсіподақ жұмысының ілгерілеуіне өзіндік үлес қосқан қаншама көшбасшыларымыз бен белсенділеріміз болды, олардың аты мен жасаған еңбектері бізге мәлім. Сол кездерде бел жазбай жасалған еңбектің нәтижесі – бүгінгі еңбек адамының мәртесі екені айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Облысымыздағы кәсіподақтар қозғалысының ішінде білім саласының алар орны өзіндік құрамы мен құрамдағы мамандарымен ерекше. Бұл салада ерең еңбек еткен, әлі де сол еңбегін жалғастырып келе жатқан тәжірибелі мамандар легі көп. Бұған Марат Оразалыұлының кәсіподақтағы 20 жылдық қызметінің өзі үлкен дәлел болады алады деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі кездесудің маңыздылығы мен үшін және басқа да кәсіподақ мамандары үшін өте зор деп есептеймін» - деді, Айгүл Есекенова құттықтау сөзінде.
Шара соңында өңірдің 12 ауданынан қатысқан бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан кәсіподақ мамандары мен есепшілері сыйлықтармен марапатталды
БҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің
кәсіподақ ұйымы