ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ — ҰЛЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ!
Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы жылдағы игі дәстүр бойынша бір топ ақтөбелік ұстазды құттықтады. Пандемияға байланысты «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты шара онлайн форматында ұйымдастырылды.
Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі, педагогикалық шеберлігі және жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы шығармашылық жетістіктері үшін 50 мұғалім облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподағы мен білім басқармасының алғыс хатына ие болып, сыйақымен марапатталды. Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Раушан Серікова педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұлт болашағы үшін атқарып жатқан қызметтеріне табыс тіледі.
«Пандемияға байланысты бүгінгі таңда ұстаздар қауымы жаңа талапқа сай жұмыс істеп жатыр. Дегенмен әрбір мұғалім, әр оқушы сыңғырлаған қоңыраудың үнін, қарбалас күндерді сағынады. Сол күндерге тезірек оралайық деп тілегім келеді. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Шәкірттеріңіздің құрметіне бөленіңіздер. Шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарға толы жыл болсын! Мерейлеріңіз үстем, абыройларыңыз асқақтай берсін, ұстаздар»,- деді ол.
Шараға, сонымен қатар, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Н.Бертілеуова, Ақтөбе облыстық «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Н.Абишева, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Д.Жаманбаева қатысып, ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты рәсімнен кейін қоғамдық бірлестік заңгерлері құқықтың кеңес беріп, мұғалімлердің тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.
-
Фотографии
-