БІР КҮННІҢ ІСІ – МЫҢ КҮННІҢ ИГІЛІГІ
Қашықтан білім беру процесін тиісті деңгейде ұйымдастыруға үлес қосу мақсатында Кәсіподақ ұйымы жаңа оқу жылының қарсаңынан бастап сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелеріне ноутбуктер, роутер, модем құрылғыларын үлестіруде. Салалық кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы бюджетінен бұл шараға барлығы 64 млн.тг. қаржы бағытталып, оған 353 бірлік ноутбук, одан бөлек роутер мен модемдер алынды.
- Пандемияның етек жаюымен біз сала қызметкерлерін барынша қолдауға күш салдық. Құқықтық көмектен бөлек, тек медициналық маска тіктіру, азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, материалдық көмек беру сынды барлығы 14 млн. теңгені құрайтын қаражатқа көмек жасадық. Бүгінде үлестіріліп жатқан ноутбуктер аймақтағы білім беру ұйымдарының балансына өтіп, көпбалалы, аз қамтылған ұстаздарға, мұқтаж педагогтарға берілуде. Дәстүрлі білім беру форматына оралған соң гаджеттерді бастауыш кәсіподақ ұйымының қолданысына беруді жоспарлап отырмыз. Індет толығымен жойылып кетпейінше біз одақ мүшелерін әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғауды жалғастыра беретін боламыз, - дейді облыстық кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Бүгінде кәсіподақ поштасына әр аймақтың педагогтарынан алғыс айтып, ризашылық білдірген хаттар келіп түсуде. Осындай алғыстардың алғашқы легін Т.Рысқұлов ауданының ұстаздары жолдады.
«Білім қызметкерлері кәсіподақ комитетіне шексіз алғысымызды білдіреміз. Елімізге төнген індет педагогтарды да айналып өтпеді. Ауданымыздың бірнеше педагогы мен жұмысшы қызметкерлері осы індетпен сырқаттанып, арамызда бақилық болған кісілер де жоқ емес. Осындай қысылтаяң кезде біздің кәсіподақ бізге моральдік қолдау білдіріп, біз үшін алаңдаулы екенін сездірді. Сырқаттанған кісілерге материалдық көмек ұсынып өз ілтипаты мен қамқорлығын танытты. Енді қашықтан оқытуға мүмкіндігі жоқ ұстаздарға ноутбук үлестірілуде. Сол үшін сіздерге алғыс айтамыз. Әрбір кәсіподақ мүшесінің қорғаушысы мен қолдаушысы ретіндегі еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!» делінген хат мәтінінде.
Бүгінде облыстың мектептерінде 25 720 педагог қызмет етеді. Білім бөлімдерінің мәліметіне сәйкес 24 276 (94,3%) мұғалім жеке компьютермен қамтылған. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы билік пен демеушілердің көмегімен барлық педагогтың жеке компьютермен қамтылатынына сенім мол.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-