АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ХАТ
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қаратал ауылында алып құйын көтеріліп, табиғи апат орын алды. Бұрын мұндай құйынды тек теледидардан көріп отыратын ауыл тұрғындары бұл жағдайдан абдырап қорқып қалғаны анық. Нақтырақ айтқанда, Қаратал ауылының К.Рамазанов көшесімен ұйытқыған қайырымсыз алып құйын жиыны 34 үйдің, лапастың, шатырларын жұлып, көшедегі жарық бағаналарын майыстырып, тоқ желісін үзіп, бірнеше үйдің қоршауларын қиратып кетті. Құйынның күштілігі сонша үйлердің шатырларын түбімен жұлып, бірнеше метрге лақтырып жіберген. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Алғашқы сәтте ауыл әкімі мен ауыл депутаты, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ.Сайранов зардап шеккен отбасыларымен жолығып, ауданнан келген комиссия мүшелерімен бар жағдайды тексеріп, жалпы шығын көлемі анықталды.
Қаратал ауылында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындар арасында аудандық білім қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының бес мүшелесінің бары анықталып, әр отбасына аудан әкімдігінен бөлек, аудандық және Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы тарапынан қаржылай көмек көрсетілді. Зардап шеккен кәсіподақ мүшелерінің үйлеріне арнайы барып, қаржылай көмекті тапсырып, қал-жағдайын сұрасып келген Зайсан аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ.Сайранов пен есепші Қ.Мусинаға кәсіподақ мүшелері үлкен алғыстарын жеткізіп, әр уақытта көмек қолын созып, жанашырлық танытып отыратын Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен аудандық кәсіподақ ұйымына ризашылықтарын жеткізді.
Зайсан аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мүшесі.
-
Фотографии
-