ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН...
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек!» деген Абай атамыз. ұл үш қасиет әр адамның бойынан табылып жатса қандай жарасымды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін «Ұстаздық» кәсіп үшін де бұл қасиеттер негізгі критерийлер болуға лайықты. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген сөз де, халқымыздың ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артатынын анық байқатады.
Осы орайда, отыз жылға тарта бір мектепте еңбек еткен ұстаздық тәжірибемде, өзім жұмыс жасайтын Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылына қарасты, «№2 Жалпы білім беретін орта мектеп» КММ-нің математика пәнінің зейнеткер мұғалімі – Байболатова Қойсын Ақбураевна туралы мақтанышпен айтқым келеді. Оған себеп, Қойсын Ақбураевна осы мектепке 1992 жылы жұмысқа алғаш келгенінен бастап-ақ өзінің іс қағаздарына мұқият, кішімен де, үлкенмен де ерекше бір ілтипатпен тіл табыса білетін, білімді де білікті маман есебінде көзге түсіп, 1996 ж. мектеп директорының оқу ісі жөніндегі (5-7-сыныптарға ) орынбасарлығына сайланған болатын. Сол сайланғаннан ұжыммен еш сөзге келіспестен, зейнеткерлік жасына дейін жиырма төрт жыл бойы бір басшылық жұмыста қызмет істеп келуі – апайдың ерекше бір адами құндылығының дәлелі дер едім.
Байболатова Қойсын Ақбураевна 15.02.1958 ж. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы, Жармыш ауылында туылып, 1965-1975 ж. орта мектепті бітіріп, 1976-80 ж. Алматы қаласындағы Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының физика - математика факультетінің математика бөлімінен математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
1980-1985 ж. Маңғыстау ауданы, Шетпе поселкесінде мұғалім болып, 1985-1986 ж. Маңғыстау аудандық комсомол комитетінің хатшысы, 1986-1992 ж. Түркменстан Республикасы Жанға ауданы Бекдаш поселкесі №2 орта мектепте математика пәні мұғалімі, 1992 жылы қыркүйектен бастап бүгінге дейін қазіргі Мұнайлы ауданы №2 орта мектепте математика пәні мұғалімі және 1996 ж. қаңтардан бастап, 2018 жылға дейін осы мектепте Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.
Осы уақыттардың ішінде апаймен сырлас дос, сыйлас апай ретінде бірнеше жыл жолдас болып та келемін.
Бір жерде 28 жыл жұмыс істеп, оның 23 жылын басшылық қызметте болып, абыроймен зейнеткерлікке жетудің өзі де - екінің біріне бұйыра бермес бақыт шығар?!
Қойсекең тек шәкірт тәрбиелеп қана қойған емес, сонымен бірге ұжымдағы жас мамандардың қамқоршысы да бола білді. Жастар апаймен тек жұмыс бабында ғана ақылдасып қоймай, өздерінің жеке басындағы не отбасындағы шешімін таппаған түйткілдері мен келеңсіздіктері болса да жасырмай айтып, мұңын шағып жатушы еді. Ондайда Қойсекең апалық, аналық ақ сезімімен өзінің ақыл-кеңесін бере отырып, тіпті кейде қиындықтан шығудың жақсы жолдарын әдемілеп түсіндіріп, ашуланып, кейіп жүрген жастарға түзу жол көрсеткенінің де талай рет куәсі болғанбыз.
Өз ісінің шебері, бірнеше аудандық, облыстық, Республикалық мадақтаулардың, күні кешегі ауданымыздың 10 жылдығы медалінің де иегері – Қойсын Ақбураевна - әркез өзінің ісіне, қызметіне зор жауапкершілікпен қарайтын, білікті маман, басшы, балаларына қамқор ана, немерелеріне сүйікті әже, жолға бірге шықсаң, далада қалдырмайтын сенімді де адал дос!
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген халықпыз ғой, қымбатты досым, әріптесім - Қойсын апай және тек қана жақсылардан тұратын алтыннан қымбат - Ұжымым, ішінен мыңдаған шәкірттерін тарыдай болып кірсе де, таудай қылып шығарған, сан тарапқа ұшырған, киелі қара шаңырақ - №2 орта мектебім, абыройыңыз әркез арта берсін!
Сіздердің орындарыңыз әрқашан да биікте! Материалдық байлығымыз болмаса да, рухани байлығымыз арылмасын, сарқылмасын! Ғасырлар қойнауына абыроймен адымдай берейік! - дегім келеді әрқашанда...
Бұл Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, «№2 жалпы білім беру орта мектебі» КММ Қызылтөбе селосы Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Тлеулиева Акерке Манашовнаның әріптестік ыстық ықыласы!!!
Р.Текеева,Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық кәсіподақ ұйымы филиалының төрайымы