МҰҒАЛІМДЕРДІ МӘЖБҮРЛЕП ЖАЗДЫРУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕУІ ТИІС
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының онлайн форматтағы кезекті жұмысшы кеңесі өтті. Құқықтық еңбек инспекторлары, аудандық филиал жетекшілері қатысқан жиында кәсіподақ ұйымдарының ағымдағы қызметін ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
Кеңеске төрағалық еткен Ерұлан Мағзымбеков соңғы тоқсаны ерекше жағдайда өткен оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, еңбек демалысына шығатын сала өкілдерінің еңбек қатынастарында туындап жатқан мәселелерін дер кезінде шешуді тапсырды. Атап айтқанда, сала қызметкерлері мен педагог қызметкерлер, мекеме басшылары мен олардың орынбасарларына заң аясында көзделген тиісті төлемдері мен кепілдіктерінің сақталуын бақылауда ұстауды міндеттеді.
Жиын барысында педагог қызметкерлерді ағымдағы жөндеу жұмыстарына тартуға, педагогтардың мамандықтарына қатысы жоқ мерзімді басылымдарға мәжбүрлеп жаздыруға жол бермеу мәселесі де айтылды.
Сондай-ақ, онлайн жиында кәсіподақ мүшелері-сала қызметкерлерін сауықтыру науқаны да сөз болды. Бүгінге бұл шешімін таппай отырған мәселелер қатарында қалып отыр. Елдегі бірқатар санаторлық-курорттық қызмет көрсететін емдеу мекемелері қызметін жандандырғанымен, емделушілердің өзге облыстарға кіріп-шығуы қиындық туғызуда. Сонымен бірге дәстүрге айналған Алакөл мен Қырғызстандағы Ыстық көл жағалауында ұйымдастырылатын демалыстардың да болашағы белгісіз.
Жиын барысында кәсіподақ қызметкерлерінің жаз маусымындағы кезекті еңбек демалысының кестесі, еңбек және орындаушылық тәртіптің жағдайы, «Еңбекші» кәсіподақтық басылымына жазылым ұйымдастыру барысы туралы сұрақтар да қаралып, бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктелді, шешімдер қабылданды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-