ҰСТАЗ - ҰЛАҒАТТЫ ҰЛЫ ЕСІМ
Қазіргі таңда әлемді жайлаған коронавирустың салдарынан білім жүйесі де үлкен сынға түсті. Осы сынақта еліміздегі ұстаздар қауымы да бір кісідей жұмылып, алдыңғы шепке шыққаны шындық. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілікке баулуда ұстаздардың еңбегі зор.
Осындай қиын-қыстау кезеңде Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Бескөл ст. №14 орта мектебінің еңбек ұжымы да белсенділіктерін танытып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Білікті де, білімді ұстаздар арасында бастауыш сынып мұғалімі Жазира Қалиеваның еңбегі ерең. Өз мамандығын жетік меңгерген ұстаз оқушыларының жүрегіне жол тауып, қашықтықтан оқыту кезінде жақсы жетістіктерімен көзге түсті. Шәкірттері әртүрлі онлайн олимпиадаларға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болды. Оқушылардың ынтасын арттырып, білім сапасын жақсартты.
«Мұғалім зор тұлға. Ол күннің құдіретті сәулесі іспеттес» деп Абай атамыз айтқандай, әр ұстаз қай уақытта да оқушысы үшін ізденуден жалықпайтыны ақиқат. Артылған жүктің ауырлығына қарамай нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқан ұстаздардың еңбегін жоғары бағалап, қолдау білдіруге міндеттіміз. Біз біріксек алынбайтын асу қалмасына сенімдімін. Жұмысымыздың жеңісі шәкірттердің жетістігімен бағалана берсін.
Р.Маркаева,Бескөл ст.№14 орта мектебініңкәсіподақ төрайымы