ҰСТАЗ МҰРАТЫ
Ұрпағымыздың сезімтал, зерек болып өсуі ұстазға да байланысты. Өйткені нағыз ұстаз бала бойына білім ғана емес, білік, қабілет, тәрбиесін де сіңіреді. Ең алдымен, ұстаз өз ісін зор сүйіспеншілікпен атқарғанда ғана еңбегінің зейнетін көретіні сөзсіз.
Ақтау қаласындағы №20 М.Әуезов атындағы жалпы білім беру мектебінің ұстазы Атшыбаева Ақкенже осындай жан. Ол еңбекқор, ізденіске құмар. Дарынды, талантты оқушылары қалалық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр.
Білікті ұстаз бүгінде Абайтану үйірмесі жұмысын қашықтықтан оқыту түрінде ұтымды ұйымдастырып отыр. Былтыр XX республикалық Абай оқулары байқауында Ақкенже Сатқанқызы дайындаған дарынды шәкірт Фарида Әбішева сертификатпен қоса, "Жас қаламгер" номинациясының жүлдегері болып оралған-ды. Ал, 2020 жылы 23 қаңтарда Фарида Алматы қаласында өткен Республикалық Абайтану Олимпиадасына қатысып, I дәрежелі диплом жүлдегері атанды.
Еңбекқор ұстаз бүгінгі күн талабына сай ізденіс пен еңбектің арқасында жұмыстың бәрін қашықтықтан да ойдағыдай жүргізуге болатынын дәлелдеуде.
Ақкенже Сатқанқызы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай оқушыларға ұлы ақынның өлеңдерін, қарасөздерін талдатып, аудармаларын жатқа оқытып, бейнеролик ұсынуды жоспарлауда.
Тәжірибелі ұстаз бойындағы еңбекқорлық, шығармашылық қасиеттер ұстаздар қауымына, жас шәкірттерге үлгі, тағылымы терең өнеге.
К.Еңсегенова,«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік
одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ-нің Ақтау қалалық филиалының төрайымы