КӘСІПОДАҚ - ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ АЛҒЫ ШЕБІНДЕ
Су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының халқына қол ұшын беріп, көмек көрсетіп жатқан азаматтар саны күн санап артуда. Жергілікті жұртшылықтан бастап Арыс, Шардара, Сарыағаш, Келес өңірлерінен, одан әрі басқа да алыс облыстардан келіп жатқан гуманитарлық көмектер еліміздегі ынтымақ пен бірліктің белгісін тағы бір мәрте паш еткендей.
Түркістан облысы, Жетісай аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті де ел басына күн туған кезде игілікті істен қалыс қалмай, ауыр жағдайға тап болған тұрғындарға жан-жақты жәрдем беріп жатыр. Ұйым белсенділері, білім саласы қызметкерлерінен құралған еріктілер тобы қауіп сейілмеген алғашқы күндері Қоғалы ауылдық округінде ағын суға қолдан бөгеттер қою жұмысына атсалысса, судың беті қайтып, енді оның зардабымен күрес жүргізу кезінде де көпшілікпен бірге игілікті іске үлес қосуда.
8 мамыр күні Еріктілер тобы су зардабымен күрес жүргізіп отырған "Жаңа жол" ауылдық округіне қарасты "Жеңіс", "Өргебас" ауылдарындағы суды қашыру, ауыл тұрғындарының мүліктерін шығару, мал мен үй жануарларын қарайлау жұмыстарын атқарып отырған азаматтарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, түскі асын ұйымдастырып берді.
Бұл жұмыстарды жүргізуге "Жеңіс" ауылының тұрғыны Қонай ағамыз бен "Жаңа жол" ауылдық округі бойынша атқарылып отырған жұмыстарға жауапты болып тағайындалған "Иіржар" ауылдық округінің әкімі Әбдіров Жарқынбек Жаппарұлы секілді азаматтар атсалысып, іс басындағы мамандар мен тұрғындардың хал-жағдайлары, жұмыстың жай-жапсары туралы баяндап, қай жерге қандай көмектер қажет екенін нақты түсіндіріп отырды.
Осылайша, "Жеңіс" ауылының тұрғындарынан бастап, ел ішінде Бетонка деп аталып кеткен М-39 тас жолының бойында еңбек етіп жатқан барлық азаматтарға азық-түліктер таратылды. Оның ішінде "Өргебас" ауылында су қашырту жұмыстарын жүргізіп отырған төтенше жағдай қызметкерлері мен Өзбекстан Республикасынан келген құтқару қызметінің жұмысшыларына, жалпы барлығы 250-300 адамға түскі ас берілді.
Игілікті іске атсалысқан әріптестерге ауыл тұрғындары, түрлі сала қызметкерлері мен көрші ел азаматтары алғыстарын жаудырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-