ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ
Ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №177 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сакеева Гүлхан Жаманбайқызы туралы сөз қозғаудың сәті түсті.
1991 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған Гүлхан Жаманбайқызы өмірінің тең жартысын мектепке, білімге, оқушыларға арнап келе жатыр. Шәкірттері республикалық «Әл-Фараби» пәндік олимпиадасына қатысып, топ жарып жүр. Оқушыларын білімге баулуда бар білігін аямайтын ұстаз педагогикалық қызметте жеткен жетістігі үшін «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталды.
Гүлхан Жаманбайқызының қажырлы еңбегі мен сабақты меңгерту шеберлігінің арқасында жыл сайын мектеп түлектері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жоғары балл жинайды. Нәзік, талғампаз, табанды және мақсатты мінезімен, өз пәніне деген ерекше сүйіспеншілігімен ол бірнеше буынның қазақ тіліне деген қызығушылығын оятқан жан.
Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы: “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген екен. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өзімен бірге өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін Гүлхан Жаманбайқызының жөні де, жолы да бөлек. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, қыр-сыры мол, қиын да жауапты ұстаз еңбегін бағалау баршамыздың міндетіміз.
Н.Қанатбекова,
№177 ЖББМ мұғалімі,
Алматы қаласы