ҰСТАЗДАРҒА ҚОЛДАУ БАР
Бүгінгінің қаһарманы дәрігер мен ұстаздар. Айтпасақ та белгілі. Бірі денсаулықтың қамымен жүрсе, енді бірі болашақтың іргесін қалаушы. Екеуі де жауапкершілік жүгі артылған, сұраныс бар мамандықтар.
Қазіргі уақытта дәрігерлердің жайы айтпасақ та түсінікті. Ал, төрден орын алатын ұстаздардың мәртебесі артып, енді ғана қоғамнан өз орнын тапқан тұста тағы бір сыналар күн туды. Әлемді жайлаған індет қалыпты өмірді мүлдем басқа арнаға бұрды. Білімі мен біліктіліктерін көрсетіп, бұл жағдайды да еңсеріп келеміз.
Ұстаздар қауымының бірі ретінде төртінші тоқсанның алғашқы күндерінде біраз қиындықтар туындады. Бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан көрнекілік құралдарының аздығы мені қынжылтты. Өзге әріптестерім секілді сабақтың қызықты, түсінікті болуын қаладым. Алайда, ондай мүмкіндік жоқ болды. Өзгенің жасаған дүниесін мен де жасауға кірістім. Әлеуметтік желілерді және түрлі программаларды күнделікті қарап, қолжетімді ақпарат құралдарынан қажетті бейнесабақтар жасадым. Басында бірқатар олқылықтар байқалды. Оған мойынсынбай, өзімді шыңдай түстім. Қолда барды пайдаланып, 1 және 3 сынып оқушыларына қызықты дүниелер ұсына білдім.
Қиындыққа шыдап, сынды қабылдай білу адамгершіліктің ұлылығы емес пе?! Әріптестеріміздің көкейіндегі сұраққа жауап тапқандай қуандым. Қателіктерді бірлесе түзеттік. Осылайша сабақ барысы түсінікті, берілген тапсырмалар дер кезінде орындалып, білім деңгейімізді арттырдық. Нәтижесі жоғарылады, сұраныс артты. Бұған ата-аналардың да көрсеткен көмегі, тигізген әсері болды.
Күні кеше осылай шығармашылық бағытта жұмыс істеп, ерінбей еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз алғысын білдірді.
Бұл біздің еңбегіміздің еленгені, сенімнің ақталғаны деп білемін. Әлі де биік шыңдарды бағындырамыз. Талмай жұмыс жасаймыз.
Т.Жолнерова,Текелі қаласы,№8 орта мектептіңбастауыш сынып мұғалімі