Екібастұз қаласындағы мектептердің бірінде зейнетақы қорына ақша аударылмайтыны анықталды
Павлодар облысы білім басқармасының экономика және стратегиялық даму бөлімінің бас маманы Б. Мырзабекова және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ құқықтық мәселелер бойынша бас маманы Г. Жаркенова Екібастұз қаласының Атығай жалпы орта білім беретін мектебінің ұжыммен кездесіп, ҚР «Педагог мәртебесі» туралы заң бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мектеп мұғалімдері тарапынан республикалық білім және ғылым кәсіподақ ұйымына уақытында алынбайтын еңбекақы, үстемақы жайлы бірнеше рет хат келіп түскен болатын. Өңірдегі кәсіподақ өкілі кездесу барысында осы мәселелер туралы ұстаздарға толық түсінік берді. Жаңа құжаттың баптары туралы нақты ақпараттар беріп, заңды қабылдауда кәсіподақ ұйымының қосқан үлесі жөнінде айтып өтті.
Мұғалімдердің еңбекақысын есептеу жолын түсіндіру мақсатында қалалық білім бөлімінің есепшісі А. Жалмаганбетова оқыту семинарын өткізді, үлгі ретінде ұжымның алдында бір мұғалімнің айлық жалақысын есептеп берді. Сөйтіп, мұғалімдерді толғандырып жүрген мәселе толық шешімін тапты.
Жұмыс барысында 2019 жылдың қараша айынан бастап зейнетақы қорына ақша аударылмайтыны анықталды. Бұл мәселе бойынша Екібастұз қаласының білім бөлімінің басшысы Ж.А.Хамзабаева 2020 жылғы 20 наурызына дейін толық жауап беретін болды.
Кездесу соңында Г. Жаркенова мектепте қоғамдық қабылдау жүргізді. Қабылдау барысында ұстаздар әлі де болса қаржы қызметкерлерінің мектепке келіп, жеке-жеке қабылдау жүргізгенін қалайтындарын айтты. «Үш кіші қызметкердің демалыс уақытында жөндеу жұмыстарын жүргізуі міндетті ме?» деген сауалға «жоқ» - деп жауап беріп, мектеп директорына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзбауын ескертті.
«Қазақстандық салалық білім және ғылымқызметкерлері кәсіптік
одағыныңПавлодар облыстық ұйымы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фотографии
-