«Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін»
Абай шығармашылығын насихаттай отырып, жастардың қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне, поэзияға, прозаға деген сүйіспеншіліктерін ояту арқылы олардың мәнерлеп оқу, жатқа айту дағдыларын жетілдіру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы 5 ұстанымды өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында 2020 жылдың наурыз айының 03 жұлдызында Жезқазған қаласында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жезқазған аумақтық кәсіподақ ұйымы»ҚБ мен Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің бірігіп ұйымдастырумен қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» атты аймақтық «Абай оқулары» байқауы өтті.
Байқау Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жезді елді мекендеріндегі арнаулы, жалпы орта білім беретін мектеп, колледж оқушылары мен студенттері арасында ұйымдастырылу көзделді. Аталған байқауға қатысу үшін 300-ден астам өтінім келіп түсті. Іріктеу кезеңінде 109 қатысушы іріктеліп, байқауда бақтарын сынады.
Байқау 4 бағыт бойынша өтті:
- Абай өлеңдерін жатқа оқу;
- Абайдың қара сөздерін жатқа оқу;
- «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда» тарауларынан үзінділерді жатқа айту (250-300 сөз);
- «Көңілім әнді ұғады»Абай әндерін орындау (1 ән).
Байқауқатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін қаламыздағы тілші, әдебиетші ғалымдар мен мәдениет, өнер қайраткерлерінен тұратын қазылар алқасы құрылды.
Қазылар алқасы шешім шығару барысында көркем мәтінді таңдау және оқу шеберлігі (дауыс ырғағы, шығарманы түсініп оқу және т.б.), қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларының сақталуы, ән орындау шеберлігі, сахнада өнер көрсету мәдениеті және тақырыпқа сәйкес киім үлгісі сияқты критерийлерді басшылыққа алды.
Байқауды қазылар алқасының төрағасы – Кенжебай Кәрібозұлы Ахметов пен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жезқазған аумақтық кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің заңгері – Жақыпбек Дархан Жақыпбекұлы ашып, құттықтау сөз сөледі, байқауға қатысушаларға сәттілік тіледі.
Байқау өте тартысты өтті. Қатысушылардың байқауға үлкен жауапкершілікпен, тыңғылықты дайындықпен келгендері байқалды. Айта кететін жағдай байқау барысында Абайдың көп айтылмайтын, жатталмайтын шығармалары жатқа айтылып, әндері шырқалды.
Байқаудың жеңімпаздары алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
-
Фотографии
-