БАС ҚҰЖАТТЫ ТӘЖІРИБЕДЕ ҚОЛДАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен Т.Рысқұлов аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы аудандағы Құлан мектеп-гимназиясының базасында «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңын тәжірибеде қолданудың өзекті мәселелері» тақырыбында көшпелі семинар өткізді.
Семинар барысында педагогқауымға жаңа шыққан заңның талаптары мен ерекшеліктері түсіндіріліп, заңмен қоса бекітілген нормативтік құқықтық құжаттармен жұмыс жүргізілді. Екі ауысымда жұмыс жасаған семинарға ауданбойынша барлығы 213 білім беру мекемелерінің басшылары, бухгалтерлер, экономистер, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен кәсіподақ үйірмелерінің модераторлары қатысты.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңы мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тәжірибеде қолданудағы өзекті мәселелерімен Кәсіподақ төрағасының орынбасары-Бас инспектор Берік Баймағамбетов таныстырса, педагог қауымның көпшілігін мазалайтын қызметкерлерді аттестаттаудағы өзгерістер туралы Біріккен комитеттің төрағасы, облыстық аттестаттау комиссиясының мүшесі Жанболат Орынбеков айтты. Кәсіподақтың кадр және құқықтық сұрақтар бойынша бас маманы Әлия Жолшыбекова «Білім саласы қызметкерлерінің жалақысын есептеудің тәртібі мен ерекшеліктері» тақырыбында сөз алып, бірнеше мысалдар келтірді.
Семинар барысында орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен педагогке бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітілетіні, тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін ол педагогке ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымшаақы төленетіні айтылды. Семинар барысында білім беру ұйымдарының басшылары М.Мейманханов, А.Ембердиева, К.Өскенбаев, М.Манғұтов, Ш.Бабашевалар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауаптар ала алды. Мектепке дейінгі мекемебасшылары педагог қызметкерлерге берілетін еңбек демалысының ұзақтығы 56 күн болғанын қуанышпен жеткізіп, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге мектепке дейінгі мекемелердің және қосымша білім беру мекемелерінің ұстаздары қамтылмай қалғанын өкінішпен жеткізді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары Ө.Кәрібаевпен Ш.Мансұров аталған заңның педагог мәртебесін көтеруге септігі мол болатынын айтып, Үкіметтің ұстаздар қызметін лайықты бағалауға деген оң қадамдарына қолдау білдірді.
Семинар соңында модераторлар қатысушылардың сұрақтарына жауап қатып, заң кеңестерін берді.
Т.Рысқұлов аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-