МҰҒАЛІМДЕР МӘРТЕБЕСІ ТАЛҚЫЛАНҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Білім саласы қызметкерлері зор қуанышпен қабылдаған «Педагог мәртебесі туралы» заңды таныстыру, талқылау, насихаттау мен түсіндіру мақсатында Жамбыл облыстық білім басқармасына қарасты колледждер мен интернаттар, білім беру ұйымдарының басшылары мен кәсіподақ жетекшілері, бухгалтерлер қатысқан жиын өтті. Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңес Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың алғы сөзімен ашылды.
- Қабылданған жаңа заң еліміздің барша ұстаздарына үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеп отыр. Бұрын еңбектері лайықты дәрежеде бағаланбаған ұстаздардың ендігі жерде заң жүзінде айлығы артып, көрсеткен нәтижелеріне қосымша қаржы төленетін болады. Осының барлығы түптеп келгенде білім жүйесіне оң әсерін тигізеді, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның әр бабына тоқталып өткен төраға орынбасары Берік Баймағамбетов заңға арнайы баптар енгізілгенін, «Жалпы ережелерден» бастап «Педагогтің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету», «Педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары», «Педагогтің материалдық қамтамасыз етілу құқығы», «Әлеуметтік кепілдіктер» сияқты негізгі бөлімдер педагогтың қызметін айқындап, оның құқықтық қорғалуына кепіл болатынын айтты.
Семинардың келесі бөлімінде Біріккен комитет төрағасы Жанболат Орынбеков қабылданған заңның қолданысқа енуімен өзгеріске ұшыраған педагогтарды аттестаттау тәртібіне тоқталды. Жиын соңы сала өкілдерінің еңбек заңнамасы мен жаңа заң аясында туындаған сұрақтарына жауап беруге ұласты.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-