«Ата-ана, ұстаз, оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық»
15 ақпанда осындай тақырыпта Түркістан қаласында аймақтық форум өткізілді. Жаңадан пайдалануға берілген «Ақжайық» балалар саз мектебінің үлкен залында өткен аталмыш іс-шараға көршілес Қызылорда, Жамбыл облысының және Шымкент қаласының білім беру саласының қызметкерлері мен ата-аналары, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, сала ардагерлері мен қоғам белсенділері қатысты.
Форум барысында ата-аналарды білім саласындағы озық трендтермен таныстыру, педагогикалық, психологиялық сауаттылығын арттыру және мектеп пен отбасының ынтымақтастығын арттыру бойынша баяндамалар мен тренингтер өткізілді.
Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев форумды ашу барысында аталған іс-шараны ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарына тоқталып өтсе, Қазақстандық салалық білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Б.Еркінбек жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңы мен онда қарастырылған негізгі мәселелерге тоқталып, форум қатысушыларына сәттілік тіледі.
Форум барысында сондай-ақ, сала ардагері Н.Байғұтов, «Білім-Инновация» ХҚҚ президенті Д.Өте, «Әкелер мектебі» ережесінің авторы, Сайрам аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы А.Қабылбеков, «USTAZ» білім беру орталығының директоры Н.Иманғалиев т.б. өз ойларын ортаға салып, бала тәрбиесі бағытындағы тың бастамалар жөнінде әңгімеледі. Аймақтардан келіп, форумға қатысқан ата-аналар комитетінің төрағаларына алғыс хаттар табысталды. Жиын соңы жарыссөздерге ұласып, форумның өзектілігі мен әдіс-тәсілдерді бөлісудің пайдалы тұстары атап өтілді.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі
-
Фотографии
-