Кәсіподақ өкілдері ҰОС-ы ардагерінің жағдайымен танысты
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл. Арада қаншама жылдар өтседе соғыстың зардабы ел есінде. Осы сұрапыл соғысты көріп, майданда елі үшін ерлік жасаған ардагерлеріміз азайып барады. Оларға құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Осыған орай, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров және Көксу аудандық филиалының төрайымы Дина Нүсіпова ҰОС-ның ардагері Николай Иванович Огневтың қал-жағдайымен танысты.
Кәсіподақ белсенділері ҰОС-ның ардагеріне зор денсаулық тілеп, келе жатқан мерекесімен құттықтады.
Ардагер ұстаз соғыс жылдардағы қиыншылықты, ұрпақ алдындағы азаматтық борышын айтып, білім саласындағы еңбек жолын баяндап берді.
95 жастағы ардагер Николай Иванович 1942 жылы әскер қатарына алынып, 1943 жылы Курская дуга шайқасына қатысып, сол жылдың тамыз айында ауыр жарақат алып госпитальға жіберіледі. Демобилизациядан кейін Көксу ауданында М.Құрманов атындағы №2 орта мектебінде алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Білім беру саласындағы үздік еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі