Салалық кәсіподақ өкілдерінің Көксу ауданына сапары
«Педагог мәртебесі туралы» Заңы өңірлерде талқылануда. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева Алматы облысындағы іс-сапарында Көксу ауданындағы ұстаздармен кездесті.
Балпық би ауылындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Тілеумұрат Сейтнязов, мектеп және балабақша басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, ұстаздар қатысты.
Шара барысында Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров салалық кәсіподақтың бастамасымен Қызылорда облысында және Алматы қаласындағы бірқатар білім ордаларында ұстаздардың мәртебесін арттыруға арналған Заңды насихаттау жұмыстары жүргізіліп, Алматы облысында жалғасын тапқанын айтты.
Кездесуде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мақсатқызы кәсіподақтық құрылымы жайын сөз етіп, «Педагог мәртебесі туралы» Заңы ұстаздардың мүддесі үшін жұмыс істейтінін жеткізіп, барлық кәсіподақ мүшелерінің құқығы қорғалатынына сендірді.
«Заң ұстаздардың қажетінен туындады. Олардың мәртебесін арттыруға ықпал етіп, кәсіби міндетінен тыс жұмыстардан босатуды көздеп отыр. Бұл дегеніміз ұсаздардың сапалы білім беруіне және шығармашылық жұмыстармен айналасуына мүмкіндік тудыруда»,-деді кәсіподақ өкілі Айгүл Мұқашева.
Сондай-ақ, кездесу барысында педагогтардың қойған сұрақтарына салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева жауап беріп, пікіралмасты.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-