Студенттік кәсіподақ ұйымының жиыны
Қостанай облысы кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен 2020 жылдың 5-6 ақпан күндері Қостанай қаласында студенттік кәсіподақ ұйымының жиыны болып өтті. Бұл жиынға Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Рудный индустриялық институты және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері қатысты. Жиынның алғашқы күні қазақ еліне ғана емес бар әлемге ортақ мерей той болып келетін Ұлы ғұлама-ғалым, философ, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің 1150 жылдығы және қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай жолы – қазақтың жолы" атты дөңгелек үстелден бастау алды. Дөңгелек үстел барысында ұлы ғалым мен ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы, олардың бүгінгі қоғамдағы алар айшықты орыны жайында тың ойлар айтылды. Отырыс соңында кәсіподақ ұйымының дамуына үлесін қосып жүрген белсенді студенттер мақтау қағаздарымен марапатталды. Жиыннан соң қатысушыларға арналған Кофе-брейк және де І.Омаров атындағы қазақ драма театрында «Өкініш» атты драмалық қойылымы ұйымдастырылды.
Жиынның екінші күні Кәсіподақтар үйінде студенттік кәсіподақ ұйымының отырысымен жалғасын тапты. Отырыс барысында Қазақстан Республикасының Президентінің қаулысымен «2020 жыл – еріктілер жылы" болып жарияланған еріктілер жылының мазмұны мен мәні талқыланып, қызықты да көңілді сағат барысы өтті.
Бұл жиын студенттерге ерекше қолдау барын білдіріп, шабыт бергендей болды. Жиынға қатысқан әрбір студенттің болашағына айқын жол аша білді деп білеміз. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші ертеңгі болашақ бүгінгі жас буынның қолында.
Уралбаева Данара,АрқМПИ студенті
-
Фотографии
-