КӘСІПОДАҚТЫҢ ТАЛАС АУДАНЫНДАҒЫ ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК
Өткен аптаның жұма күні Жамбыл облысы, Қаратау қаласындағы Балалар өнер мектебінің мәжіліс залында «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Талас аудандық комитеті Филиалының кезекті ІІ Пленумы өтті. Пленум жұмысына кәсіподақтың аудандық комитетінің мүшелері, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ұлан Раев және Талас ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Әділ Смағұлов қатысты.
Пленум жұмысына төрағалық еткен кәсіподақтың аудандық комитетінің төрағасы Мадиярбек Мірәлиев күн тәртібімен таныстырып, алқалы жиында қаралатын мәселелердің алғашқысы - Кәсіподақтың Талас аудандық комитетінің 2019 жылы атқарған жұмысы туралы баяндады. Баяндаманы талқылауда құқықтық еңбек инспекторы Әділ Смағұлов атқарған жұмыстарға тоқталып, бірнеше нақты деректер келтірді. Құқықтық инспектордың мәліметі бойынша 2018 жылдың II жарты жылында - 13, 2019 жылдың 11 айында 54 тексеру жасалып, 281 құқық бұзушылық анықталған. Құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі, яғни 126-сы еңбек қатынастарын рәсімдеу кезінде орын алған. Тексеру бойынша анықталған заң бұзушылықтар туралы жұмыс берушілерге жасалған тоқтамдар саны 65 болса, оларға алынған жауаптар саны 58. Келіп түскен арыз-шағымдар және тексеру қорытындысы негізінде кәсіподақ мүшелеріне тиген экономикалық әсер көлемі 2018 жылдың 2 жарты жылдығында 106 182 теңгені құраса, 2019 жылдың 11 айында 59 801 429 теңгені құрап отыр. Жиын барысында сондай-ақ, Талас ауданының ВПМПК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, кәсіподақтық үйірме модераторы Нұрила Жақсылықова жарыссөзге шығып, өзінің пікірімен бөлісті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе - 2019 жылғы шығыс сметасының орындалуы және 2020 жылға шығыс сметасын бекіту бойынша смета жобасы таныстырылып, Пленум мүшелерінің талқылауынан кейін бекітілді. Ал үшінші мәселе бойынша басқа мекенге қоныс аударуына немесе басқа жұмысқа ауысуына байланысты комитет құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Алқалы жиын салтанатты түрде аяқталып, асқаралы 60 жасқа толған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары Алмабай Әбу мен Ахмет Омаровтарға арнайы сый-сияпат жасалып, иықтарына шапан жабылды.
Перизат БАҚЫТ,
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-