Семинар–кеңес
Бүгінгі таңда білім саласында жасалынып жатқан реформаларда, оқу бағдарламаларында, еңбекақы төлеу жүйелерінде орын алып жатқан өзгерістер баршылық. Соның нәтижесінде ұстаздар қауымы мен басқарушы мекемелер арасында түсінбеушіліктер орын алып жататыны жасырын емес. Осындай кездері өзінің әрбір мүшесін қорғай алатын кәсіподақ ұйымына жүгіну қажеттігін, бұл ұйымнан тек әлеуметтік қана емес, заңдық кеңес те алуға болатынын сала қызметкерлерінің барлығы біле бермейді. Шыны керек, бұл ұйымды тек демалыс орындарына жолдама тарататын мекеме сияқты көретіндер де бар. Бұл түсінік қызметкердің туындаған мәселесінің дер кезінде шешілмей, созбалаңға салынуына немесе өз құқығын қорғай алмауына алып келеді.
Күні кеше республикалық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының бас маман-құқықтық еңбек инспекторы Райхан Мамашқызы Кыдырбаева мен Түркістан облысы кәсіподақ комитетінің заңгері Ғабит Кеңесұлы Ақбердиевтың қатысуымен Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің әдістемелік орталығында 2019 жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылауға арналған басқосуда осындай ойлар айтылды. Қаламыздағы білім мекемелерінде жұмыс жасап жатқан бастауыш ұйым жетекшілерінің басын қосқан жиында сөз алған қалалық комитеттің төрағасы Диана Абайқызы Турманова жиналыстың күн тәртібімен таныстырып өткеннен кейін комитеттің жыл бойы атқарған жұмыстарына шолу жасайтын бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Бүгінде 84 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 8708 мүшесі бар қалалық комитеттің жыл бойы нендей шаруа атқарғаны, қанша кәсіподақ мүшесіне әлеуметтік, құқықтық көмек берілгені, сала қызметкерлеріне жазғы сауықтыру орындарына берілген жолдамалар, еңбек дауларын реттеу, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы мәселелердің шешілуі сияқты барлық деректер аталған бейнефильмнен толық орын алған.
Білім саласының бүгінгі тыныс-тіршілігінде әлі де шешімін таппаған мәселелер, түсініспеушіліктер бар екендігін мамандарға қойылған сұрақтардан аңғару қиын емес. Мұғалімдерді аттестаттау, қызметкерлерге жалақы төлеу, ұстаздарды лайықты марапаттау, сала қызметкерлерін өз кәсібінен тыс басқа қоғамдық шараларға қатыстыру сияқты басқа да сұрақтарды №2 Хамза, №20 Р.Исетов, А.Яссауи атындағы және №23 жалпы орта мектептердің, М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияның «Келешек» санаторлық балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары Б.Абдураимов, А.Халтаев, Ғ.Азизов, Ә.Орынтаев, Л.Айтымбетова және М.Ахметтер қойып, сала басшыларынан нақты әрі тұщымды жауаптарын алды. Райхан Мамашқызы мен Ғабит Кеңесұлы сұрақтарға жауап берумен қатар өздерінің кеңестерін де айтып, кез-келген жағдайда қалалық комитет арқылы облыстық, республикалық кәсіподаққа жүгінуге болатынын, сол арқылы туындаған мәселені дер кезінде шешу қажеттігін еске салды. Білім және ғылым министрлігімен тікелей жұмыс жасайтын республикалық ұйымға жеткен әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын, өз мүшелерін жан-жақты қорғауға әзір екендіктерін атап өтті. Кәсіподақшылар өздері атқарған шараларын жариялай бермейтіндігін, дегенмен, соңғы кезде орын алып жатқан жағдайлардың барлығына араласып, оңды шешімін табуына ықпал етіп жатқандықтарын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы уақыттың еншісінде тұрған тақырыптар да талқыға түсті.
Басқосу барысында жылдың қорытындысы бойынша бірқатар сала мамандары марапаттарға ие болды. Кеңестік кезеңнен ұстаздық етіп, қалалық атқару жүйесінде де елеулі еңбек еткен, соңғы жылдары қаладағы мектеп-интернат пен қалалық кәсіподақ кеңесін басқарған ұлағатты ұстаз, білікті басшы, бүгінгі таңда қалалық кәсіподақ комитетінің кеңесшісі қызметін атқарып отырған Гүлжан Әсілбайқызы Әсілбаева Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» медалімен наградталды. Ал, Білім және ғылым қызметкерлері Кәсіптік одағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Ұлықбек атындағы жалпы орта мектебінің директоры Абылайхан Құрманбеков, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнар Қыдыралиева, облыстық кәсіподақ ұйымының «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бахадыр Исмаилов, №23 ІТ мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Ұлболсын Орынтаева, Кентау қаласына қарасты А.Яссауи атындағы жалпы орта мектебінің «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі Ғозихон Азизов, №21 жалпы орта мектебінің сызу пәні мұғалімі Асылхан Нұрлыбаев марапатталды. Сондай-ақ, облыстық ұйым «Жастар жылына» орай ұйымдастырған «Үздік жас кәсіподақ көшбасшысы – 2019» облыстық бапйқауына белсенді қатысқаны үшін Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектебі кәсіподақ ұйымының төрағасы Аятулла Халтаев Құрмет грамотасына ие болды.
Үш сағатқа созылған басқосуды қорытындылаған мамандар алдағы жылы да бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласып, туындаған мәселелерді бірлесе шешуге келісті.
Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподақ комитетінің маманы М.Кенжебаева
-
Фотографии
-