ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Қазіргі кәсіподақ ұйымдарының басты жұмыс бағыттарының бірі – сала мекемелеріндегі басшылар мен кәсіподақ мүшелері-сала қызметкерлерінің құқықтық сауатын арттыру екендігі даусыз. Осы орайда, Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының Талас аудандық комитетінің ұйымдастыруымен балалар өнер мектебінің мәжіліс залында «Еңбек және салалық құқықтық актілерді тәжірибеде қолдану» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинарға Талас ауданы әкімдігінің білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ұлан Раев және білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелерінің басшылары мен іс-қағаз жүргізушілер, хатшылар қатысты. Семинардың мақсаты мен міндеттерін таныстырған аудандық комитет төрағасы Мадиярбек Миралиевтің алғашқы сөзінен соң Кәсіподақтың Талас ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Әділ Смағұлов еңбек шарты мен оның нысанасы бойынша, бұйрықтарды шығару үлгілері туралы, сонымен қатар білім мекемесіндегі іс қағаздарды Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқықтық актілерге сүйене отырып шығарылатыны туралы баяндап, түсіндіру жұмыстарын жасады. Кәсіподақтың Талас ауданы бойынша үйірме модераторы Нұрила Жақсылықова еңбек кітапшасы және оны толтыру тәртібі туралы түсіндірме жасаса, аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрбол Сулейменов сабақ кестесін заңды және жұмыскерлерге қолайлы етіп жасау туралы айтты.
Семинарда қозғалған тақырыптар мен сүйенген заңдар жиынтығы мен үлестірмелі материалдар алдағы уақытта еңбек қатынастары барысында пайдалану мен басшылыққа алу мақсатында барлық қатысушыларға таратылды. Семинар соңында бірқатар сұрақтарға тиісті заңдылыққа сәйкес жауаптар берілді. Семинар қатысушылары өз кезегінде іс-шараның пайдалы әрі мазмұнды өткендігін атап өтті.
Перизат БАҚЫТ,
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-