Қоғамдық қабылдау жүргізілуде
Білім беру ұйымдарында Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің мамандары жылдық жоспар бойынша арнайы кестеге сәйкес 24 қазаннан бастап қоғамдық қабылдау жүргізуде.
Қоғамдық қабылдау мақсаты кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мұң-мұқтажын тыңдау, көкейінде жүрген сұрақтарына заңды жауаптарын беру және ең бастысы өзінің кәсіподақпен қорғалатынын сезіндіру.
Қабылдау №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатынан бастау алып әрі қарай №2 облыстық оңалту орталығы, №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп интернаттарымен жалғасын тапты.
Қабылдау барысында мұғалім, тәрбиеші, кіші қызметкерлер, кадр қызметкерлері жұмыс уақыты, уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқару кезінде еңбегіне ақы төлеу, еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері, еңбек демалысының есептелінуі, ақысыз демалыстың мерзімі және демалыс орындарына жолдама мен балалар лагеріне де байланысты түрлі сұрақтар қойылып, жауаптар берілді.
Қойылған сұрақтар бойынша зерттей келе кейбір мекемелерде еңбек демалыс ақысын есептеу барысында жалақының өсуіне байланысты теңестіру коэффициентінің дұрыс қойылмағаны, екі мекемеде қызметкерлерге еңбек демалыс ақысының айырмашылы берілмегені, бір мекемеде еден жуушылардың біреуі еңбек демалысына кеткен немесе ауырып қалған жағдайда алмастырғаны үшін еңбектеріне қосымша ақы төленбегені және жұмыскерлерге жалақы түбіртегінің (квиток) берілмеуі анықталып, жұмыс берушілерге кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жою үшін ұсыныстар берілді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіптік одағының
Қызылорда облыстық ұйымы
-
Фотографии
-