БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ САЛААРАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ
4 қазан күні Орал қаласының Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының базасында Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтары орталығы салалық кәсіподақтармен бірігіп ұйымдастырылған ҚР Еңбек күні мен Кәсіподақтар күніне арналған салааралық кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің арасындағы спартакиада өтті.
Салааралық спартакиада ҚР Кәсіподақтар күні – мерекесін насихаттау, кәсіподақ мүшелері, оның ішінде жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, кәсіподақ мүшелерінің арасында жолдастық қарым-қатынасты дамыту мақсатында оздырылды.
Облыстық салалық, жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерінен құралған 13 команда волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, дартс сияқты сайыс түрлерінен додаға түсті. Айта кететін жай – дартс ойынында тек кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері күш сынасып, нәтижесінде ерлер арасында«Зенит» Орал зауытының қызметкерлерінің салалық кәсіподағы БҚОФ өкілі Давлетьяров Серік үздік танылса, әйелдер арасында «КПО б.в. және мердігер компаниялар қызметкерлерінің Қарашығанақ жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ өкілі Котельникова Натальяға тең келетіні болмады.
Сайыс қорытындысында ойынның барлық түрлерінен жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен марапатталса, командалық есепте алдына жан салмастан 1-ші орынға - «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» ҚБ филиалы, 2-ші орынға - «КПО б.в. және мердігер компаниялар қызметкерлерінің Қарашығанақ жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ, 3-ші орынға - «КПО б.в. қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ ие болып, кубоктар, медальдар, дипломдар және сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар үстел теннисі ойынынан «Үздік ойыншы», волейбол ойынынан «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қорғаушы» номинацияларына ие болған ойыншылар да марапаттаулар мен сыйлықтарын иеленді.
Қызықты да тартысты өткен ойын кәсіподақ мүшелеріне мерекелік көңіл-күй сыйлап, олардың сауығуына, шынығуына, бір-бірімен қауышып, достық, жолдастық қарым-қатынасының нығаюына оң ықпалын тигізе білді деп сенеміз.
-
Фотографии
-