Кәсіподақтар-тұрақтылықтың тірегі
Білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Ұстаздар және 10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары Күніне орай Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті бастауыш кәсіподақ ұйымдарының облыстық форумын өткізді.
Шараға бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, кәсіподақ жанынан құрылған Жастар кеңестерінің көшбасшылары қатысты.
Форум өз жұмысын Қызылорда қаласы М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжінде «Еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғауды ұйымдастыру» және №198 орта мектепте «Ұжымдық шарт-тұрақтылық кепілі» секция жұмыстарынан бастап, қатысушылар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының іс-тәжірибесімен танысты. Секция жұмыстарында колледждің және мектептің техникалық инспекторлары, Республикалық байқаудың жүлдегерлері Қосаев Ерлан мен Ярынюк Надежда өз тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушылардың көкейлерінде жүрген көптеген сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. №198 орта мектептің директоры Садыкбекова Анжела Акмурзаевна ұжымдық шарттың ерекше тұстарына тоқталды.
Бүгінгі форумның бастауы да – бастауыш кәсіподақ ұйымынан басталды. Кәсіподақтардың бірлікке, ортақтастыққа шақыруы бұл, кәсіподақтар қатарында болуға шақыруы.
Форум модераторы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Байназарова Райкүл Мансүрқызы ашып, өз сөзінде кәсіподақ қоғамымыздағы болып жатқан өзгерістерден шет қалмай ұстаздар қауымының құқығын қорғауда, заң аясына сәйкес әлеуметтік әріптестіктің үлгісін көрсетіп, ұстаз игілігіне өз күш жігерін жұмсап жүрген қоғамдық ұйым-ол бастауыш кәсіподақ ұйымы екенін атап өтті.
«Мықты бастауыш ұйым-тұрақтылық кепілі» Сырдария ауданы Иса Тоқтыбаев атындағы №35 орта мектебі, «Кәсіподақ –сенімді тірек» Қызылорда қаласы №212 орта мектебі, «Жастар-қоғамның қозғаушы күші» тақырыптарында Қармақшы ауданы №272 мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымының іс-тәжірибелері туралы баяндамалар жасалды.
Шара барысында бір қатар жаңа кәсіподақ қатарына қабылданған жас мамандарға Кәсіподақтар орталығының төрағасы Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы кәсіподақ билеттерін салтанатты түрде табыстап, ақ жол тіледі.Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректордың міндетін атқарушы Әбдікарімов Бахытхан Жүнаидұлы үздік түлектерге университет Төс белгісін табыстады.
Кәсіподақ қозғалысына үлес қосып жүрген бірқатар жас көшбасшыларды
Рухани жаңғыру орталығының директоры Мыңжасов Нұрлыбек Карбозұлы марапаттады.
Кәсіподақ ұйымдарының беделі мен шығармашылық белсенділігін арттыруда және кәсіподаққа мүшелікке ынталандыруда бастауыш кәсіподақ ұйым төрағаларының орны ерекше. Кәсіподақтар қозғалысында елеулі үлес қосып, Еңбек адамының мүддесін қорғауда көшбасшылық көрсеткені үшін бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Құрмет Грамотасымен, балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастырған мектеп ұжымын Дипломмен, Кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен және белсенді жас көшбасшылар Жастар орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
Еңбек – адам өмірінің мәні. Ешкім де онсыз мұратқа жетіп, биікке шықпайды. Адал термен тапқан нанның да дәмі тәттілеу. «Еңбек ер атандырады» дейді халқымыз. Сондықтан да тіршілікте бағы жанып, абыройы асқандардың барлығы да қажырлы еңбекпен биікке жеткен адамдар деп айтуға болады.
Форум соңында бастауыш кәсіподақ ұйымының Үндеуі қабылданды.
-
Фотографии
-