КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ЗАМАНАУИ КӨЗҚАРАС
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Қазақстан кәсіподақтар күні – 10 қазан болып мерекелік күндер қатарына енгізілген. Осы орайда, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы атаулы мерекені жоғары деңгейде атап өту мақсатында бірқатар шаралар жоспарлағанды. Кәсіподақтың қоғамдағы орнын айқындап, кәсіподақ мүшелері арасында қоғамдық ұйымның беделін көтеру, жұмысын насихаттауға арналған шаралардың қатарында оқу семинарлары, дөңгелек үстел отырыстары мен форумдар, салтанатты түрде кәсіподақ қатарына қабылдау шаралары, сондай-ақ спорттық жарыстар өткізу жоспарланған. Осы орайда, мерекелік жоспар аясында Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ төрағаларына арналған «Кәсіподақ және қоғам: заманауи көзқарас» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымына қарасты аудандар мен Тараз қаласының білім мекемелерінің жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысуда. Семинар жұмысы кәсіподақ қызметін баяндайтын «Кәсіподақ: оқиғалар, деректер, тұлғалар» деректі фильмін тамашалаудан басталды.
Семинарда алғашқы болып «Кәсіподақ дегеніміз не? Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?» сұрағы қаралды. Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков аталған мәселе төңірегінде дәріс жүргізіп, кәсіподақ мүшелігімен қамтылудың артықшылықтары туралы айтты. Одан кейін тыңдаушылар Кәсіподақ төрағасының орынбасары-құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетовтың «Ұжымдық шарт – мекемедегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу құралы» тақырыбы бойынша дәріс тыңдады. Өз сөзінде ол былтыр қабылданған 2018-2020 жылдарға арналып облыстық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы арасында жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің артықшылықтары мен мүмкіндіктерін, өзгеріске ұшыраған тұстарын, оларды тиімді пайдаланудың жолдарын айтып өтті.
Ал Кәсіподақтың құқықтық инспекторы Ләззат Айтқұлова «Еңбекақы есептеудің тәртібі мен ерекшеліктері» тақырыбында теориялық сабақ өтіп, күннің екінші жартысында түрлі санаттағы педагог қызметкерлердің еңбек ақысын есептеуді үйретті. Семинар барысында «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров «Кәсіподақтың ақпараттық саясаты» тақырыбында тренинг өткізіп, кәсіподақтың ақпараттық саясаты, ол бастауыш ұйымдарда қалай жүру керек, кәсіподақтық және өзге де ақпарат көздерін тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді.
Семинар соңында сұрақ-жауап сағаты өтіп, қатысушылар еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтары бойынша өздері қойған сұрақтарға жауаптар алды. Барлық қатысушыларға арнайы оқудан өткендігі туралы сертификаттар табысталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-