ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Жыл сайын жаңа оқу жылы алдында өткізілетін тамыз кеңесі ұстаздар үшін маңызды жиын. Онда алдағы бір жылға мақсат-жоспарларды бағдарлап, міндеттер айқындалады. Осы орайда, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Келешекке – кемел біліммен» тақырыбында педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.
Жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының Президенті Асқар Ибраимов, Халықаралық «Білім-Инновация» қорының Президенті Дархан Өте, «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев, сондай-ақ, Тараз қаласының әкiмі, құқық қорғау және атқарушы органдардың, бiлiм бөлімдерінің басшылары, кәсіподақ ұйымының өкілдері, педагогикалық еңбек ардагерлері мен білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова педагогтардың тамыз конференциясында жаңа оқу жылының жаңалықтары мен ескі жылдардың қорытындысы туралы баяндама жасады. Басқосуда қол жеткізілген бірқатар жетістіктер мен кемшіліктер айтылып, оларды шешудің жолдары қарастырылды.
Ал бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуде ерен еңбегімен ерекшеленіп жүрген ұлағатты ұстаздардың бірқатары «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, бірқатар педагогикалық ұжымдар облыстың білім мекемелері арасында жүргізілген рейтинг нәтижесінде үздік атанып, кәсіподақ қаражаты есебінен 1 000 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Олар «Үздік ауыл мектебі» ретінде танылған Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы, «Үздік қала мектебі» номинациясын иеленген Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейі, «Үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясының жеңімпазы Т.Рысқұлов ауданындағы М.Әуезов атындағы тірек мектебі және «Үздік инновациялық мектеп» номинациясының жеңімпазы Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясы.
Сондай-ақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі «Үздік колледж» номинациясын иеленсе, Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 көп салалы гимназиясы облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы атанып, 21778000 теңгелік сертификатқа ие болды.
Перизат БАҚЫТ.
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-