КӘСІПОДАҚ ҚАШАНДА КӨМЕККЕ ӘЗІР
Жуырда Атырау облыстық кәсіподақтар үйінде салалық ұйымдардың жетекшілері республикалық және облыстық БАҚ-ның тілшілерімен ағымдағы жылдың 7 ай қорытындысы бойынша есеп берді. Басқосуға республиканың бас газеті аталған «Егемен Қазақстан», республикалық саяси-танымдық «Сахара», «Алтын аймақ», «Ұстаздық еңбек», «Курсив», облыстық «Прикаспийская коммуна», «Атырау» газеттері мен «Қазақстан-Атырау» РРТК, «Каспий неьюс» атты телеарналарының журналистері қатысты.
Брифингте сөз сөйлегендер арасында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы Қ.Сүндетұлы да болып, ұйым мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында атқарылған қызметіне кеңінен тоқталды. Ағымдағы жылдың жаз айларында Педагог қызметкерлерді шипажайларда демалдыру үшін жеңілдікпен 502 жолдама бөлініп, бұған қосымша кәсіподақ ұйымының «Ерекше жетістікке ие болған кәсіподақ мүшелерін марапаттау туралы» Ережесіне сай 30 адам ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында Алматы қаласындағы «Көктем», 20 адам тамыз айында Орал қаласындағы «Ақжайық» шипажайына тегін демалу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, жаңадан сайланған 40 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларының 3 күндік семинары ағымдағы жылдың шілде айының 18-21-де «Ақжайық» шипажайы аясында жаңа форматта ұйымдастырылды.
Білім саласы қызметкерлерінің балалары да жазғы демалыспен тегін қамтылды. Облыстық кәсіподақ ұйымы мен Махамбет, Индер, Исатай, Жылыой аудандық комитеті филиалдары арқылы 135 оқушы «Еуразия» (Орал қ.) және 17 оқушы «Звездный» (Бурабай) туристік сауықтыру кешендеріне жіберілді.
Қашанда халқымыз басқа түскен қиыншылықты бөлісіп, қол ұшын созудан шет қалған емес. Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасында болған жойқын жарылыстан зардап шеккен оңтүстіктегі ағайындарға қайырымдылық көмек ретінде облыстық кәсіподақ ұйымы есебінен 400000 теңге қаржы аударылды. Сондай-ақ, арыстық 88 бала «Тұлпар» лагерінде 2 кезеңмен демалып, оларға «ТНС ГРУПП» мекемесі оқу құралдарын және «Ақ желкен», «Байзар» ЖШС материалдық көмек көрсетті.
Сандуғаш ҚАПСИХОВА, «Ұстаздық еңбек»
-
Фотографии
-