Ұстаз еңбегі құрметке лайық
Дамудың даңғыл жолына бағыт алған кемел елдің жарқын болашағы қашан да білімді де саналы ұрпағымен кеңеймек. Ал осы жас ұрпақтың бойына білім нәрін себуші –ұстаздар. Ұстаз берген тәлім-тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Шәкірт тәрбиелеуде жақсы жетістікке жеткен ұстаздар назардан тыс қалған емес.Кәсіподақ ұйымы – қоғамымыздағы болып жатқан өзгерістерден шет қалмай ұстаздар қауымы мен жастардың әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғауда еліміздегі заң аясына сәйкес әлеуметтік, әріптестіктің үлгісін көрсетіп, ұстаз игілігіне өз күш жігерін жұмсап жүрген қоғамдық ұйым.Ұстаз еңбегінің қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында, Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерекесіне орай «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі оқу жылының қорытындысы бойынша үздік мұғалімдер марапатталды.Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының ұстаздықтың ұлы мұраты жолындағы жандар үшін көптеген кепілдіктерді сақтап қалуда ықпалы өте зор. Облыстық кәсіподақ есебінен білім беру мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және кәсіподақ мүшелері Каспий теңізінің жағалауында – Ақтау қаласында демалу үшін 30 білім қызметкерлері сертификатқа ие болды.
Бала жанының бағбаны атанған ұстаздар киелі Маңғыстау жеріне демалысқа жол тартты. Толқыны жан тербеген сұлу Каспий баурайына келіп орналасқан ұстаздар қауымы өз демалыстарын тиімді әрі қызықты өткізе білді.
Алғашқы күндері «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енген Шопан ата, Бекет ата тарихи жерлерін бетке алды. Алдымен Бекет атамыздың ұстазы Шопан атаның мазаратына соғып, дұға бағыштады. Бұл жерде Шопан атаның жары, қызы, қайын атасы Баян баба жерленген. Үш жүз алпыс екі әулиенің мекеніне айналған Маңғыстау даласының бір шетіндегі Оғланды шатқалында мәңгілік мекенге дамыл тапқан Бекет ата Мырзағұлұлының мешітіне жол тартты. Алдымен Оғланды Баба мазаратына құран бағыштап, сосын Бекет ата кешеніне табан тіреді. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін барлығы да осында. Ниеттеніп, бабадан рақым тілеп, ұстаздарымыздың керемет әсермен оралғанын айтпай кетуге болмайды. Әрбір жанға бұл демалыстағы осы бір күннің ерекше күш сыйлағанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ұлан даламыздың Ұлы перзенті Бекет ата рухы бәрімізді қолдай жүрсін!
Демалыстың келесі күндерінде ұстаздар табиғаты әсем, құмы таза, суы бұлақтай мөлдір Каспий теңізінде катамаранға мініп, саяхат жасады. Су айдынының салқын ауасы тыныстаған адамға шабыт беретіні анық. Бес елдің бағы болған Қарт Қаспийдің «Каспий –достық теңізі» екені барашаға аян. Осындай еліміздің табиғаты әсем жерінде жазғы демалысын есте қаларлық сәттермен өткізген ұстаздар «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігіне өз ризашылықтарын білдіреді.
Тағаева Торғын Дуйсенбайқызы,Ақтөбе облысы Шалқар қаласы
«№1 мектеп-гимназиясы» КММ бастауыш сынып мұғаліміжәне
бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы