Жас ұстаздар мен кәсіподақ белсенділерінің жазғы демалыс лагері
23-27 маусым аралығында Алматы облысында Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастырумен биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған жас ұстаздар мен кәсіподақ белсенділерінің жазғы демалыс лагеріне Семей өңірі бойынша 3 жас оқытушы қатысып, Ұлы Отанымыздың керемет жерлерін тамашалап келді. Алматы қаласында жастарды жылы шыраймен қарсы алған ұжым (Алматы облысының әр ауданынан осы шараны ұйымдастыру мақсатында жиналған адамдар бірлігі жарасып, білімі мен білігі толысқан ұжым деген атқа әбден лайық) лагерьдің әр күнінде де таңдандырумен болды. Толықтыра айтар болсақ, әлемге аты әйгілі Шарын шатқалына сапар, Есік қаласындағы «Алтын адам» музейі, Шонжы ауылы,Шанханай ауылында орналасқан Ш.Уәлихановтың «Алтын емел» мемлекеттік мемориалдық музейі, жер жәннаты – Жетісуда алабындағы Текелі қаласының әсерлі кештері – осының бәрі жастар үшін берері мол сапар болды. Текелінің тамсандырған табиғаты туралы таңды-таңға ұрып айта беруге болады. Жастар ғажайыптың куәсі болды, ұмытылмас әсерге бөленді. Кәсіподақ жұмысы бағытындағы білімдерін «Тиімділігі жоғары кәсіподақ көшбасшыларының дағдылары: жастар және замануи басқарудың әдістері», «Мен білуге тиіспін: еңбек заңнамасы саласындағы құқықтық мәдениетті арттыру», «Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара жұмыс жасау: әлеуметтік желілермен жұмыс жасаудың негізгі әдістері» тақырыптарындағы түрлі семинар-тренингтерге қатыса отырып, тәжірибе жинақтап қайтты. Шара Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайым Майра Тұрғанқызы Амантаевамен ашық әңгімеге ұласты. Өмірлік тәжірибесі зор алдыңғы буын өкілдерімен сұхбаттаса отырып, рухани азық алды, ризашылықтарын жаудырды. Лагерь қорытындысы бойынша жас оқытушылар сертификаттармен, алғыс хаттармен мараптталды.
Лязат Баяхметова,Семей қаласының М.О.Ауэзов атындағы
педагогикалық колледжінің оқытушысы
-
Фотографии
-